Бүгін Қонаев қаласындағы Алматы облысы әкімдігінің ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясының алдағы 34-сессиясына арналған облыстық ҚХА Кеңесінің отырысы өтті. Бұл шара Ассамблеяның 30 жылдығына орай ұйымдастырылған айтулы оқиғалардың бірі болды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеңес отырысын Қазақстан халқы Ассамблеясының Алматы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ашып, қатысушыларды мерейлі датамен құттықтады. Өз сөзінде ол: «Тұрақтылық пен этносаралық келісім – ел дамуының негізі. Ассамблея бұл бағыттағы маңызын үнемі дәлелдеп келеді. Ол – қоғамдағы бірліктің, бейбітшілік пен өзара түсіністіктің тірегі», – деп атап өтті.
Күн тәртібінде бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, облыстық Ассамблея төрағасының қоғамдық орынбасарларын сайлау өтті. Бұл қызметке «Барбанг» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы мен «Ронаи» этномәдени орталығының төрағасы Гамзе Бадриевич Гейдаров пен облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Дәнибекұлы Беспаевтың кандидатуралары ұсынылып, бірауыздан қолдау тапты.
Сонымен қатар, Ассамблея құрамына жаңа мүшелер қабылданып, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Әзілжанович Әбитов олардың ел бірлігін нығайту жолындағы белсенділігін атап өтті.
Жиын барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына арналған арнайы медальдар мен ҚХА мүшесі куәліктері табысталды. Ел ішіндегі келісімді сақтау жолында еңбегі сіңген 35 белсенді азамат марапаттарға ие болды.
ҚХА Кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Асылы Осман өз сөзінде Ассамблеяның ел ішіндегі татулық пен тұрақтылықты сақтаудағы маңызды рөлін атап өтті: «Ассамблея – біздің бірлігіміздің жүрегі. Ол – достық пен өзара құрметтің символы. Алдағы уақытта да бұл құрылым ел мүддесіне қызмет ете беретініне сенемін», – деді ол.
Кеңес соңында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, Ассамблеяның алдағы кезеңдегі негізгі міндеттеріне тоқталды. Ол этносаралық диалогты дамыту, жастар бастамаларын қолдау және отансүйгіштік рухты нығайтудың аса маңызды екеніне тоқталып:«Қазақстан халқы Ассамблеясы бұдан әрі де еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың берік тірегі болып қала береді», – деп қорытындылады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – тек мерейтой ғана емес, бұл еліміздің бірлік жолындағы жетістіктерін саралайтын, болашаққа нық қадам басуға серпін беретін маңызды кезең.