Қазақстан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (ДЗМҰ) әзірлейтін Жаһандық инновациялар индексінде соңғы онжылдықтағы ең үздік көрсеткішіне қол жеткізді. Еліміз бір жыл ішінде бірден сегіз сатыға ілгерілеп, әлемнің 139 экономикасы арасында 81-орыннан 73-орынға көтерілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Орталық Азиядағы көшбасшылық
Жаңа есепке сәйкес, Қазақстан өңірлік деңгейде де көшбасшылық орнын нығайтты. Еліміз Орталық Азия мемлекеттерінің арасында бірінші орынға шықса, Орталық және Оңтүстік Азияның 11 экономикасы арасында Үндістаннан кейінгі екінші сатыға тұрақтады. Ал табысы орташа деңгейден жоғары 35 мемлекеттің ішінде 17-орынға жайғасты.
Рейтингтегі бұл серпіліс соңғы жылдардағы тұрақты құбылмалылықтан кейінгі маңызды жетістік саналады. Мәселен, 2022 жылы еліміз 83-орында, ал 2024–2025 жылдары 78 бен 81-орындардың аралығында болған еді.
Нәтиже ресурстан жылдам өсті
Биылғы индекстің басты ерекшелігі – инновациялық өнім мен нақты нәтижелердің алға озуы. Бағалау жүйесі екі негізгі блоктан тұрады:
Инновациялық ресурстар (Innovation Inputs): институттар, инфрақұрылым және адами капитал деңгейі 75-орыннан 73-орынға көтерілді;
Инновациялық нәтижелер (Innovation Outputs): инновациялық жүйенің нақты қайтарымы бірден 11 сатыға өсіп, 84-орыннан 73-орынға секірді.
Әсіресе «Білім мен технологиялар саласындағы нәтижелер» бағыты бойынша еліміз бірден 18 сатыға жоғарылап, 69-орынға жетті. Мұндай айтарлықтай өзгеріске нақты сапалық көрсеткіштермен қатар, Женевадағы Қазақстан өкілдігі мен Qazpatent ұйымының халықаралық ұйыммен бірлесіп, ескірген және жетіспейтін статистикалық деректерді жүйелеуі де оң ықпал етті.
Қазақстан әлемнің үздік ондығында қай бағыттармен көрінді?
Рейтинг құрастырушылары еліміздің бірқатар салалардағы айқын бәсекелестік артықшылықтарын ерекше атап өткен:
Пайдалы модельдер бойынша – әлемде 7-орын;
Мемлекеттік онлайн-қызметтердің сапасы бойынша – 10-орын;
Еңбек өнімділігінің өсу қарқыны бойынша – 20-орын;
Ұлттық толықметражды фильмдер шығару көрсеткішінен – 24-орын;
Жоғары технологиялық экспорт көлемінен – 27-орын.
Атап айтқанда, еліміздің жоғары технологиялық экспорты өткен кезеңде 7,2 миллиард доллардан асып, бір жылда 40 пайызға жуық өсім көрсеткен.
Экономика шешуі тиіс әлсіз тұстар
Рейтингтегі өсім қуантарлық болғанымен, ғылым мен өндірісті ұштастыруда шешімін таппаған түйткілдер әлі де жетерлік.
Қазақстанның әлі күнге дейін осал тұсы ретінде мына бағыттар көрсетілген:
Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) бөлінетін қаржының мардымсыздығы;
Университеттер мен нақты бизнестің арасындағы байланыстың әлсіздігі;
Венчурлік қаржыландыру нарығының кенже қалуы;
Отандық бағдарламалық жасақтамалар мен ғылыми жарияланымдар санының аздығы.
Инновациялық нәтиженің құрылған жағдайларға жақындауы – маңызды қадам. Ендігі кезекте еліміз үшін ең күрделі міндет осы халықаралық прогресті нақты жеке инвестицияларға, зауыттардың өнімділігіне және сыртқы нарыққа шығатын тың өнімдерге айналдыру болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







