Астанада өтетін XXIII Хатшылық пен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі қарсаңында Қытай Буддистер Ассоциациясы төрағасының орынбасары Цзин Бо Қазақстанның мәдениет пен рухани диалог кеңістігіндегі орнын ерекше атады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, Қазақстан қазір тек тарихи сауда жолдарының қиылысында тұрған ел емес. Ол әртүрлі мәдениет пен өркениет тоғысатын маңызды алаңға айналып отыр. Цзин Бо қазақ жерін домбыра, гитара және арфа үндескен мәдени бірліктің символы ретінде сипаттады.
Ол «Бір белдеу – бір жол» бастамасын және 2025 жылы өткен «Жібек жолын оқу – Орталық Азияны тану» халықаралық акциясын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, осындай жобалар Қазақстанның мәдени және рухани алмасу орталығы ретіндегі рөлін күшейтіп келеді. Сондай-ақ өзара құрмет пен ашықтыққа негізделген жаңа байланыстарға жол ашып отыр.
Цзин Бо өз сөзінде түрлі діндердің ортақ рухани құндылықтарына тоқталды. Ол буддизмдегі өзара тәуелділік идеясын, христиандықтағы жақынға сүйіспеншілікті, исламдағы төзімділік пен мейірімді, даосизмдегі табиғи жолды ұстану қағидасын еске салды. Оның айтуынша, осы ұғымдардың бәрі конфессияаралық диалогқа берік негіз бола алады.
Сондай-ақ ол діни лидерлерді ынтымақтастықты тереңдетуге шақырды. Әсіресе жастар тәрбиесі, отбасы құндылықтары, моральдық ұстанымдар, рухани тәжірибе және мәдени жобалар төңірегінде бірге жұмыс істеудің маңызына тоқталды. Климаттың өзгеруі, аштық пен қақтығыс секілді жаһандық қатерлерге жауап беру де басты міндеттердің бірі екенін айтты.
Цзин Боның сөзінше, діни қауымдастықтар тек үндеу жасаумен шектелмеуі керек. Игі идея нақты іске айналуға тиіс. Үміт отын жағып, рухани күшті бейбітшілікке бағыттау – ортақ мақсат.
Сөз соңында ол алдағы съездің табысты өтуіне тілектестік білдіріп, Қытай Буддистер Ассоциациясы әлемдік діндермен бірге алға қадам басуға дайын екенін айтты. Оның пайымынша, келісім, сенім және әрекет қатар болса, адамзат бейбіт әрі бақытты болашаққа жақындай түседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







