Қазақстанда цифрлық алаяқтықпен күрестің жаңа кезеңі басталды. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті жанынан Қылмыстық қауіптер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы құрылды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
18 сәуірден бастап комитетке талдау-болжау міндеттері жүктелді. Орталық қылмыстық тәуекелдерді анықтап, мемлекеттік органдарға алдын алу бойынша нақты ұсыныстар береді. Бұл туралы Бас прокуратурада киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі жиында айтылды.
Орталық сарапшыларының айтуынша, алаяқтар қазір классикалық телекоммуникациялық арналардан мессенджерлерге ауыса бастаған. WhatsApp желісі алаяқтық қоңыраулардың негізгі алаңына айналып үлгерді.
Қазақстанда 4 сәуір күні алғаш рет SMS-бластер арқылы алаяқтық әрекеті тіркеліп, ашылған. Жалпы сарапшылар соңғы уақытта 18 жаңа цифрлық қауіп түрін анықтап отыр. Олардың арасында шетелде орналасқан SMS-бластерлер арқылы операторларды айналып өтіп, жаппай хабарлама жіберу, фишинг шабуылдар, дипфейк технологиясы, телефон нөмірлерін ауыстыру, тіркелмеген SIM-карталарды пайдалану сияқты қауіптер бар.
Жиында Бас прокурор Берік Асылов банктер, байланыс операторлары мен онлайн-платформалар қолданушыларды алаяқтардан дер кезінде қорғауға тікелей жауапты екенін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







