Қазақстанда көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу тәртібіне енгізілген жаңа өзгерістер күшіне енді. Жаңартылған ережелер сырттан әкелінетін темір тұлпарлар үшін бастапқы тіркеу алымын төлеу мерзімін, қолдан жасалған тіркемелерді есепке қою талаптарын және шетелдіктерге мемлекеттік нөмір беру тәртібін реттейді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бастапқы тіркеу алымы қашан төленеді?
Шетелден көлік тасымалдайтын азаматтар үшін алым төлеу мерзімі нақтыланды:
Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) кірмейтін елдерден жеке тұлғалар әкелетін көліктер үшін бастапқы тіркеу алымы кеден органдары көлікті еркін айналымға шығарғанға дейін толық төленуі шарт;
ЕАЭО елдерінен әкелінген көліктерге қатысты талап өзгеріссіз қалды. Мұндай көліктер үшін төлем бұрынғыдай Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында (СпецЦОН) есепке қойылғанға дейін жасалады.
Қолдан жасалған тіркемені тіркеу талаптары
Жаңа құжатта жеке техникалық шығармашылық нәтижесінде, яғни қолдан құрастырылған жүк тіркемелерін заңдастыру тәртібі арнайы жазылды. Мұндай тіркемені есепке қою үшін иесі мынадай құжаттар тізбесін ұсынуы қажет:
Жеке басын куәландыратын құжат (қағаз немесе цифрлық нұсқада);
Тіркеу алымы мен техпаспорт және мемлекеттік нөмір үшін төленген мемлекеттік баж түбіртектері;
Кеден одағының техникалық регламентіне (ТР ТС 018/2011) сай аккредиттелген зертхананың ресми сынақ хаттамасы;
Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті берген көліктің сәйкестендіру нөмірін (VIN-код) тағайындау туралы ресми құжат;
Көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік (КҚҚҚС).
Қайта жабдықталған көліктерді тексерудегі жеңілдік
Құрылымына заңды түрде өзгеріс енгізілген (қайта жабдықталған) көліктерді тіркеу ережесінен арнайы қарап-тексеруден (осмотр) өту талабы алынып тасталды.
Бұл жеңілдік тек тіркеу кезіндегі бюрократиялық процедураға ғана қатысты. Ал қайта жабдықталған көліктің жалпы техникалық қауіпсіздігіне қойылатын өзге заңнамалық талаптар өз күшінде қала береді.
Шетелдіктерге берілетін жаңа нөмір сериялары
Шетелдік азаматтар мен шетелдік ұйымдарға тиесілі автокөліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің сериялары нақтыланды:
D сериясы – дипломатиялық өкілдіктердің, халықаралық ұйымдар мен консулдық мекемелердің қызметтік және жеке көліктеріне;
T сериясы – аталған ұйымдардың әкімшілік-техникалық қызметкерлеріне;
HC сериясы – құрметті консулдық лауазымды тұлғалар басқаратын консулдық мекемелерге;
M сериясы – елімізде тіркелген шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктеріне;
N, C, L, P, J, K, S және Y сериялары – шетелдіктердің қатысуымен Қазақстанда тіркелген кәсіпорындарға;
F, T, A, G, I, N және R сериялары – шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың жеке көліктеріне беріледі.
D, T және HC сериялы нөмірлер үшін дипломатиялық корпуспен жұмыс істейтін уәкілетті ұйым беретін арнайы стикер талап етіледі. Нөмір белгілерінің жарамдылық мерзімі сол стикердің мерзімімен сәйкестендіріледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







