Қазақстан ұзақ жылдар бойы көші-қон мәселесіне көбіне әлеуметтік, демографиялық және әкімшілік тұрғыдан қарап келді. Бір кезеңде басты назар қандастарды елге қайтаруға ауғаны да есімізде. Кейін еңбек миграциясын заңдастыру, шетелдік жұмыс күшін квота арқылы реттеу, ішкі көші-қонды оңтүстіктен солтүстікке бағыттау мәселесі алға шықты. Ендігі кезеңде көші-қон саясаты экономиканың нақты сұранысымен тікелей байланыстаратын кеезң туып тұр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазіргі әлемде көші-қон тек шекарадан өту немесе тұруға рұқсат алу мәселесімен шектелмейді. Ол еңбек нарығының, инвестициялық саясаттың, адами капитал сапасының және демографиялық тепе-теңдіктің бір бөлігіне айналғна.
Әсіресе Қазақстан секілді аумағы кең, бірақ кей өңірінде халық тығыздығы төмен ел үшін дұрыс жүргізілген көші-қон саясаты стратегиялық мәнге ие. Елге келген әр маман немесе кәсіпкер еңбек нарығына салмақ түсірмей, керісінше жаңа экономикалық айналым қалыптастырса, ондай көші-қон мемлекет үшін пайдалы құралға айналады.
Үкіметтің инвесторлар мен олардың отбасы мүшелеріне арнайы A6 және A6-1 санатындағы визалар беру бастамасы осы бағыттағы нақты қадам ретінде қарастырылуда.
Мұндай виза тек әкімшілік жеңілдік қана емес, Қазақстанның сырттан капитал, басқару мәдениеті, технологиялық тәжірибе және жаңа іскерлік байланыс тартуға ниетті екенін көрсетеді. Инвестор елге қаражат алып келсе, оның артында өндіріс, қызмет көрсету, логистика, құрылыс, агроөнеркәсіп немесе технологиялық жоба тұруы мүмкін. Ал жоба іске асса, жергілікті тұрғындарға жұмыс орны ашылады, салық түсімі көбейеді, өңірдегі іскерлік орта жанданады.
Сұранысқа ие мамандықтар тізімін қайта қарау да еңбек нарығындағы жаңа жағдаймен байланысты. Қазір аталған тізімге 51 мамандық енгені айтылып отыр. Алайда мұндай тізім қатып қалған құжат болмауы керек. Экономика өзгерген сайын маманға деген сұраныс та өзгереді.
Бір кезеңде құрылысшы, дәнекерлеуші, электрик қажет болса, келесі кезеңде автоматтандыру инженері, IT маманы, медицина қызметкері, агроном, техникалық жобалаушы, өндірістік жабдық жөндейтін маман алға шығуы мүмкін. Сол себепті тізімді тұрақты жаңарту еңбек нарығын тірі организм ретінде қабылдаудың белгісі.
Еңбек нарығын қалай қорғаймыз?
Қазақстанда еңбек миграциясы мәселесі бірнеше қабаттан тұрады. Бір жағынан, ел ішінде жұмыссыз жүрген азаматтар бар. Екінші жағынан, кей салада нақты білікті маман жетіспейді. Үшінші жағынан, өңірлер арасындағы еңбек ресурсы тең бөлінбеген.
Оңтүстік пен батыста халық саны мен еңбек күші көбірек болса, солтүстік пен шығыста демографиялық салмақ азайып, кей кәсіпорындарда кадр тапшылығы сезіледі. Осы кезде көші-қон саясаты ішкі және сыртқы бағытты қатар қамтуы қажет.
Еңбек миграциясын дұрыс басқарудың басты шарты ел азаматтарының мүддесін қорғау. Шетелден маман тарту жергілікті жұмысшыны ығыстыру үшін емес, нақты жетіспейтін саланы толықтыру үшін жүргізілуі тиіс.
Егер Қазақстанда белгілі бір мамандық бойынша кадр жеткілікті болса, сырттан жұмыс күшін көптеп әкелудің қажеті жоқ. Ал егер жоғары технологиялы өндіріс, медицина, инженерия, цифрлық жүйе немесе күрделі өнеркәсіп саласында тапшылық байқалса, онда сырттан тәжірибелі маман тарту экономиканың дамуына көмектеседі.
Көші-қон саясатының сапасы тек визамен немесе рұқсат қағазымен өлшенбейді. Елге келген маманның қоғамға бейімделуі, тілдік ортаға үйренуі, құқықтық тәртіпті сақтауы, еңбек келісімшартының заңды болуы, әлеуметтік міндеттемесі, жұмыс берушінің жауапкершілігі қатар қаралуы керек.
Заңсыз еңбек миграциясы көбейсе, еңбек нарығында көлеңкелі аймақ пайда болады. Онда салық төленбейді, жұмысшы құқығы қорғалмайды, жалақы демпингі туындайды, жергілікті мамандардың нарықтағы орны әлсірейді. Сондықтан еңбек миграциясын ашық әрі заңды арнаға түсіру мемлекет үшін маңызды.
Қазақстан үшін тағы бір өзекті бағыт ішкі көші-қон. Ел ішінде еңбек ресурсын тиімді орналастыру сырттан адам тартудан кем емес. Солтүстік өңірлерде халық санының азаюы, ауылдардың босап қалуы, жұмыс күшінің жетіспеуі байқалады. Ал оңтүстік аймақтарда жастар көп, еңбекке қабілетті азаматтар саны жоғары.
Мемлекет осы екі үрдісті ұштастырып, халықты жұмыс бар өңірге ынталандыруы керек. Бірақ мұндай саясат тек көшіріп апарумен шектелмеуі тиіс. Баспанасы, жұмысы, мектебі, балабақшасы, медициналық қызметі, әлеуметтік бейімделуі шешілмесе, адам жаңа ортада тұрақтамайды.
Қай өңірде қандай маман жетіспейді, қай салада жалақы өсіп келеді, қай кәсіпорын нақты кадр іздеп отыр, қай мамандық бес жылдан кейін қажет болады деген сұрақтарға дәл жауап болмаса, көші-қон саясаты болжаммен ғана жүреді. Ал еңбек нарығын болжаммен басқару қиын. Сондықтан мемлекеттік органдар, бизнес, оқу орындары және өңір әкімдіктері арасында нақты дерек алмасу жүйесі күшеюі керек.
Елге келген маманның экономикаға берері болуы керек
2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасы аясында сұранысқа ие кәсіптер тізімін жаңарту жұмысының жүргізілуі осы тұрғыдан маңызды. Мұндай құжат еңбек нарығының бүгінгі емес, ертеңгі сұранысын да ескеруі қажет. Өнеркәсіп автоматтандырылып жатыр, ауыл шаруашылығына цифрлық технология еніп келеді, құрылыс саласында жаңа инженерлік шешімдер көбейді.
Сырттан келетін білікті мамандар Қазақстанға тек еңбек күші ретінде ғана емес, білім мен тәжірибе тасымалдаушысы ретінде де пайдалы болуы мүмкін. Олар жергілікті мамандармен бірге жұмыс істеп, жаңа әдіс, жаңа технология, жаңа басқару тәсілін енгізеді.
Бірақ осы әсердің болуы үшін шарт керек. Шетелдік маман бөлек арал секілді жұмыс істемей, қазақстандық кадрлармен тәжірибе бөлісуге міндеттелуі тиіс. Ірі жобаларда жергілікті мамандарды оқыту, тағылымдамадан өткізу, технология трансферін қамтамасыз ету нақты талап ретінде қойылғаны дұрыс.
Көші-қон саясатына қоғам тарапынан сақтықпен қарау да түсінікті. Кез келген ел өз еңбек нарығын, мәдени ортасын, әлеуметтік тұрақтылығын қорғағысы келеді. Сондықтан сырттан маман немесе кәсіпкер тарту ашық түсіндірілуі керек. Қоғам кім келетінін, қандай талаппен келетінін, қандай салада жұмыс істейтінін, елге қандай пайда әкелетінін түсінсе, күдік азаяды. Ал жабық шешім, түсініксіз жеңілдік, бақылаусыз еңбек миграциясы сенімге нұқсан келтіреді.
Қазақстан үшін дұрыс модель іріктелген, заңды және экономикаға пайдалы көші-қон. Елге келген адам еңбек нарығын әлсіретпей, оны күшейтуі керек. Инвестор жаңа жоба ашуы тиіс. Білікті маман тапшылықты жабуы қажет. Жұмыс беруші заңды сақтауы шарт. Мемлекет жергілікті азаматтың мүддесін бірінші орынға қоюы керек. Сонда ғана көші-қон саясаты қауіп емес, даму құралына айналады.
Бүгінгі таңда еңбек миграциясы мен көші-қон мәселесін ескі өлшеммен бағалау жеткіліксіз. Әлемде мемлекеттер талант үшін, инженер үшін, дәрігер үшін, технология маманы үшін, инвестор үшін бәсекеге түсіп жатыр. Қазақстан да осы бәсекеден сырт қалмауы керек.
Бірақ ашық есік саясаты мен бақылаусыз ағынның арасы жер мен көктей. Елге қажет адамды тарту, қажет емес тәуекелді шектеу, заңды тәртіпті күшейту және ішкі еңбек нарығын қорғау – қазіргі көші-қон саясатының негізгі өзегі болуы тиіс.
Сайып келгенде, көші-қон саясатының жаңа кезеңі Қазақстаннан дәлдік пен салқын есепті талап етеді. Елге келген әр маман, әр кәсіпкер, әр инвестор экономиканың нақты қажетіне сай келуі керек. Ал ел ішіндегі азаматтар өз жерінде сапалы жұмысқа, лайықты жалақыға және кәсіби өсуге мүмкіндік алуы қажет. Осы екі бағыт тең ұсталса, көші-қон саясаты демографиялық мәселені ғана емес, экономикалық дамудың да маңызды тетігіне айналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







