Қазақстанда жоғары білім беру жүйесін жаһандық кеңістікпен байланыстыру мақсатында 11 мемлекеттің жетекші жоғары оқу орындары өз филиалдарын ашып, сәтті жұмыс істеп жатыр. Астанада өткен Стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумында Президент Тоқаев еліміздің халықаралық білім беру және ғылыми ықпалдастық саласындағы жетістіктеріне тоқталып, саладағы маңызды серпілістерді атап өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шетелдік профессорлар мен әлемдік университеттердің филиалдары
Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда халықаралық стратегиялық серіктестік туралы 40-тан астам келісім табысты жүзеге асырылуда. Еліміздің түрлі өңірлерінде жұмысын бастаған шетелдік жетекші оқу орындарының кампустары отандық жастардың шетел аспай-ақ әлемдік стандартқа сай сапалы білім алуына жол ашты.
Президент шетелдік оқу орындарының филиалдарында қалыптасқан профессорлық-оқытушылық құрамның әлеуетін ерекше бағалады. Оның сөзінше, халықаралық ынтымақтастық елдің кадрлық әлеуетін жаңа сапалық деңгейге көтеруде.
«Елімізде 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашты. Осы білім ордаларында 12 мыңнан астам студент оқиды, сондай-ақ 1,5 мыңға жуық оқытушы жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында шетелден келген 600-ден астам профессор бар», – деді Президент Тоқаев.
Дипломдардың мойындалуы: Жансейіт Түймебаевтың қосқан үлесі
Қазақстан Орталық Азия аймағында алғашқы болып Еуропадағы Лиссабон және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Токио конвенцияларына ресми қосылған болатын. Аталған құжаттардың арқасында еліміздің жоғары оқу орындары беретін дипломдар Батыс пен Шығыстың дамыған мемлекеттерінде толық мойындалатын деңгейге жетті.
Мемлекет басшысы осы стратегиялық бағыттың қалыптасуына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың зор еңбек сіңіргенін атап өтті.
«Қазақстан осы аймақта алғашқы болып Еуропадағы Лиссабон және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Токио конвенцияларына қосылды. Мұндай жетістік – қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, бұрынғы Білім және ғылым министрі, елші Жансейіт Түймебаевтың арқасы. Соның нәтижесінде енді Қазақстан университеттерінің дипломдары Батыс және Шығыс елдерінде мойындалатын болды», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
100 мың шетелдік студентті тарту межесі
Қазақстан біртіндеп Орталық Азияның негізгі академиялық хабына айналып келеді. Елдегі тұрақтылық пен білім берудің жаңа сапасы өңірлік және жаһандық деңгейде шетелдік жастардың қызығушылығын арттырды.
Ресми дерекке сәйкес, өткен жылы елімізде өзге мемлекеттерден келген 31 мың студент оқыса, қазір олардың саны 41 мыңға жеткен. Шетелдік жастардың 8 мыңнан астамы Қазақстан мемлекетінің тікелей қаржылай гранттары арқылы білім алып жатыр. Бұл — ел тарихындағы ең рекордтық көрсеткіш.
Алдағы жоспар бойынша, мемлекет 2029 жылға қарай шетелдік студенттердің санын 100 мыңға дейін жеткізуді көздеп отыр. «Қазақстанда білім ал!» атты ұлттық бастама аясында халықаралық білім беру экспорттық әлеуетін арттырып, елімізді жаһандық білім мен инновациялардың тартымды орталығы ету міндеті жалғаса береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







