21 қараша күні Қазақстанның басым бөлігінде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты ауа райы құбылмалы болады: жаңбыр аралас қар жауып, тұман түседі және көктайғақ күтіледі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Синоптиктердің болжамынша, еліміздің барлық өңірінде дерлік дауылды ескерту жарияланды. Тек солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыстың кейбір аймақтарына антициклон сілемі әсер етіп, жауын-шашынсыз қоңыр салқын ауа райы сақталады.
«Атмосфералық фронталды бөліктердің ықпалынан Қазақстанның көптеген аймағында жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын күтіледі. Ел бойынша тұман түсіп, көктайғақ қалыптасады. Батыс пен оңтүстікте жел күшейіп, оңтүстік өңірлерде найзағай ойнайды», – деп ескертті «Қазгидромет» мамандары.
Республикалық үш қаладағы ауа райы
Астана қаласында көшпелі бұлтты ауа райы күтіледі, күндіз айтарлықтай жауын-шашын болмайды. Дегенмен түнде және таңертең елорданы тұман басып, жолдарда көктайғақ байқалады. Оңтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 5–10 метрді құрайды. Ауа температурасы түнде -6…-4 градусқа дейін салқындаса, күндіз +4…+6 градус шамасында жылынады.
Алматы қаласында көшпелі бұлт шығып, күн райы жауын-шашынсыз, жылы болады. Желдің жылдамдығы оңтүстік-шығыс бағытынан секундына 3–8 метрге жетеді. Түнде сынап бағанасы +4…+6 градус жылылықты көрсетсе, күндіз ауа температурасы +13…+15 градусқа дейін көтеріледі.
Шымкент қаласында күн бұлтты болып, жаңбыр жауады және найзағай ойнайды. Оңтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 8–13 метрге, ал екпінді сәттерде 15–20 метрге дейін күшейеді. Түнде ауа температурасы +9…+11 градус, ал күндіз +18…+20 градусқа дейін барады.
Солтүстік және Орталық өңірлер
Ақмола облысында тұман түсіп, көктайғақ қалыптасады. Көкшетау қаласында да тұманды ауа райы сақталады. Ауа температурасы түнде -3…-8 градус аяз, күндіз 0…+5 градус шамасында жылылық байқалады.
Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігі, шығысы мен оңтүстігінде көктайғақ болып, тұман түседі. Петропавлда да осы құбылыстар күтіледі. Түнгі аяз -4…-9 градус болса, күндіз сынап бағанасы 0…+5 градус маңында құбылады.
Қостанай облысында күндіз жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болады. Облыстың бірнеше ауданында түнде және таңертең қою тұман күтіледі. Күндіз ауа температурасы 0…+5 градус болады.
Павлодар облысында негізінен жауын-шашынсыз болғанымен, кей жерлерде тұман күтіледі. Түнде сынап бағанасы -4…-9 градусқа дейін түссе, күндіз ауа +1…+6 градусқа дейін жетеді.
Қарағанды және Ұлытау облыстарында да тұрақсыз ауа райы байқалады. Түнде және таңертең тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады. Қарағанды қаласында түнде термометр -3…-8 градусты көрсетсе, күндіз ауа +2…+7 градус шамасында жылынады.
Батыс Қазақстан аумағы
Батыс Қазақстан облысында жел күшейіп, екпіні секундына 15–20 метрге, кей аудандарда 23 метрге дейін жетеді. Облыс аумағы мен Орал қаласында тұман болады. Күндіз ауа температурасы +4…+9 градус аралығында болады.
Атырау облысында түнде және таңертең тұман күтіледі. Күндіз облыстың батысы, солтүстігі мен шығысында желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін барады. Күндіз сынап бағанасы +6…+11 градусқа дейін көтеріледі.
Маңғыстау облысында көбіне тұман түсіп, желдің екпіні 15–20 м/с шамасында күшейеді. Түнде +4…+9 градус, күндіз +10…+15 градус жылы ауа райы сақталады.
Ақтөбе облысының солтүстігінде көктайғақ пен тұман болжанады. Ауа температурасы түнде -2…+3 градус, күндіз +3…+8 градус маңында болады.
Оңтүстік және Шығыс өңірлер
Түркістан облысында жаңбыр жауып, таулы аудандарда найзағай күтіледі. Күндіз ауа температурасы +16…+21 градусқа дейін жылынады, алайда екпінді желдің жылдамдығы 15–20 м/с-ке дейін барады.
Жамбыл облысында тау бөктері мен солтүстігінде тұман байқалады. Оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15–20 м/с болады, күндіз ауа температурасы +14…+19 градус болады.
Қызылорда облысында тұман түсіп, жел екпіні күшейеді. Күндіз сынап бағанасы +10…+15 градус аралығында болады.
Алматы және Жетісу облыстарында күн жылы болады. Алайда Алматы облысының шығысында желдің екпіні 15–20 м/с, кей уақытта 25 м/с дейін күшейсе, Жетісудың Алакөл ауданында секундына 17–22 метрге дейін соғады. Күндіз өңірлерде +11…+16 градус жылы болады.
Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында түнгі уақытта ауа райы біршама суық: түнде сынап бағанасы -5…-13 градусқа дейін төмендейді. Семей мен Өскемен қалаларында түнде және таңертең қалың тұман түседі, ал күндіз термометр 0…+5 градусты көрсетеді.
Құтқарушылар мен көлік полициясы жолдарда көріну деңгейінің нашарлауына және көктайғаққа байланысты жүргізушілерге жылдамдық режимін сақтауды, ал жаяу жүргіншілерге сақ болуды ескертеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







