Алматы облысының Қарасай ауданында қоқысты жай көміп қоятын емес, оны сұрыптап, қайта өңдеп, экономикалық айналымға қайта қосатын жаңа өндірістік жоба іске аса бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бүгін Әйтей ауылында «ONDEU» зауытының іргетасы қаланып, уақыт капсуласын салу рәсімі өтті. Шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, жобаның мәні бір зауыт салумен шектелмейтінін айтты. Оның сөзінше, өңірдің тұрақты дамуы үшін қалдықтарды басқару жүйесін түбегейлі өзгерту қажет. Өйткені қоқыс мәселесі уақыт өте өзінен-өзі шешілмейді. Керісінше, жинақтала береді.
Әкімнің айтуынша, Әйтей ауылы маңындағы полигонда 40 жылға жуық уақыт бойы тұрмыстық қалдық жиналып келген. Жыл сайын көлемі ұлғайып отырған мұндай мәселені жай ғана көміп, кейінге ысыра беру жеткіліксіз.
Сондықтан өңірге қоқысты сұрыптап, шикізатқа айналдыратын жүйелі өндіріс керек. Марат Сұлтанғазиев жобаның негізгі мақсаты – келер ұрпаққа экологиясы таза, өндірісі дамыған, табиғаты сақталған орта қалдыру екенін атап өтті.
Жобаның жалпы құны 15 млрд теңгені құрайды. Кешен 5 гектар аумаққа орналасады. Зауыт жылына 450 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптап, 14 мың тоннадан астам шикізатты қайта өңдеуге қауқарлы болады. Кәсіпорын іске қосылғанда 300-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Демек жоба экологияға ғана емес, жергілікті еңбек нарығына да серпін береді.
Өндірістік желі толық автоматтандырылған. Қалдықтарды сұрыптау Қытайдың «Suzhou JONO» компаниясының технологиясы арқылы жүргізіледі. Нәтижесінде шыны, қағаз, пластик және металл секілді төрт түрлі таза шикізат бөлініп алынады. Ал қайта өңдеуге жарамайтын бөлігі RDF балама отынына айналады. Яғни қоқыс қалдық емес, қайта пайдалануға болатын ресурс ретінде қарастырылады.
Жобаның келесі кезеңі де алдын ала жоспарланған. Эко-кластердің екінші бөлігі «Bottle to Bottle» бағыты болады. Осы жоба аясында «ONDEU» кешенінен шығатын 3000 тоннадан астам пластик терең өңделіп, жаңа өнім жасауға жұмсалады. Оның құны 10,5 млрд теңге деп белгіленген. Қазір қажетті құжаттары рәсімделіп жатыр.
Зауыт құрылысы 2027 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған. Жоба толық іске қосылған кезде Қарасай ауданында ғана емес, тұтас Алматы облысында қалдықпен жұмыс істеу тәсілі жаңа деңгейге көтеріледі. Ең бастысы, қоқыс мәселесіне уақытша шарамен емес, ұзақ мерзімді өндірістік шешіммен қарау дәуірі басталғалы тұр.
Іле ауданында өткен «Таза өлке – таза жер» экологиялық акциясы жай ғана сенбілік емес, ортақ жауапкершіліктің нақты көрінісіне айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







