Қызылорда облысында ажырасқан ер адам екі көлікті ата-анасының атына аударып жіберген. Алайда бұрынғы жұбайы мұнымен келіспей, сотқа жүгінген, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жоғарғы соттың ресми мәліметіне қарағанда, өңірдегі ерлі-зайыпты 10 жыл бірге өмір сүргеннен кейін некесін бұзған. Отбасында кәмелетке толмаған төрт бала бар.
Неке кезінде ортақ табыс есебінен алынған Toyota Camry мен Toyota Highlander көліктері ерлі-зайыптының ортақ бірлескен мүлкі саналған.
Сот дерегіне сай, неке бұзылғаннан кейін бұрынғы күйеуі балалардың анасының келісімінсіз аталған көліктерді өз ата-анасына сату-сатып алу келісімі арқылы рәсімдеп, тіркеуден шығарып тастаған.
Осыдан кейін балалардың анасы сотқа талап арыз беріп, келісімшарттарды жарамсыз деп тануды, ортақ мүлікті бөлуді және өз үлесін өндіріп беруді сұраған.
Істі қарау барысында сот ұсынылған дәлелдерді саралап, мәмілелер талапкердің ортақ мүліктегі үлесіне нұқсан келтіре отырып жасалған деген қорытындыға келген.
Сот процесі кезінде жүргізілген сараптама қорытындысы бойынша, екі көліктің нарықтық құны 14 млн теңгеден асатыны анықталған. Неке және отбасы туралы кодекс талаптарына сай, ортақ мүлікте ерлі-зайыптының үлесі тең деп есептеледі. Осыған сүйенген сот көліктерді сату-сатып алу шарттарын жарамсыз деп таныды.
Нәтижесінде талапкердің пайдасына 7 млн теңгеден астам өтемақы өндірілді. Ол сома көліктердің нарықтық құнының жартысына тең.
Кейін Қызылорда облыстық соты да бірінші сатыдағы шешімді өзгеріссіз қалдырды. Апелляциялық шағым қанағаттандырылған жоқ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







