Шымкенттік танымал автоблогер Руслан Жанпейісов полиция рейдін видеоға түсіргені үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Блогердің ісін қараған апелляциялық сот Райымбековті полицияға бағынбады деп танып, алғашқы соттың шешімін өзгерткен. Бұған дейін, 23 сәуір күні әкімшілік сот блогердің әрекетінде құқық бұзушылық құрамы жоқ деп ақтап шыққан еді.
Полицияның мәлімдеуінше, Жанпейісов «Қауіпсіз жол» рейді барысында тәртіп сақшыларының жұмысына кедергі келтірген. Блогер рейд кезінде тікелей эфир жүргізіп, полицейлердің іс-әрекетін сынға алып отырған.
Дегенмен Жанпейісовтің өзі сотта мүлде басқа деректі келтірді. Оның айтуынша, рейдті түсіру туралы өтінішті полицейлердің өздері жасаған.
«Маған полиция қызметкерлері хабарласып, рейдті видеоға түсіріп беруді сұрады. Сенің көп жазылушың бар, халықты құлақтандыр, жүргізушілерге өрт сөндіргіш пен жилет алып жүру қажеттігін түсіндір деді. Мен сол өтініш бойынша бардым, ешқандай артық әрекет жасаған жоқпын», – деді блогер.
Апелляциялық сот процесінде дәлел ретінде рейд кезіндегі түсірілім видеосы көрсетіліп, сот оны блогерге қарсы пайдаланды. Жанпейісов шешіммен келіспей отыр. Процес мұнымен шектелмеуі мүмкін.
Айта кетелік, бұған дейін Шымкентте тағы бір атышулы блогер Арай Есенбек бес жылға сотталып кеткен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







