Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов кәсіпкер Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында не себепті Қазақстанда доллар бағамы 530 теңгеге дейін шарықтағанын түсіндірді. 11 желтоқсан кешінде KASE мәліметі бойынша доллар бағамы 520,88 теңге деңгейінде тұрақтаған, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Бұл өзгеріс қандай да бір нарықтық заңдылықтың немесе сыртқы жағдайлардан туындаған жаңа тепе-теңдік бағамының нәтижесі емес. Сыртқы жағдайлар бір аптада бес пайызға өзгермейді. Негізі, өте қарапайым жағдай болды: халық рубльдің құнсызданғанын естіп, дүрлігіп кетті. Бұл – эмоцияға негізделген реакция, бірақ қалыпты құбылыс. Себебі Ресей — біздің ірі сауда серіктесіміз. Біз әлі күнге дейін Ресейден азық-түлік сатып аламыз, логистикамыз түгел сол ел арқылы құрылған. Бұл тарихи тұрғыда қалыптасқан нәрсе, оны айналып өте алмаймыз,» – дейді Турлов.
Оның айтуынша, рубльдің құнсыздануына «Газпромбанкке» қарсы енгізілген санкциялар себеп болған. Қазақстандағы теңге бағамының ауытқуы толығымен эмоцияға негізделген.
«Бұл нарық өзін-өзі реттей алатындай тұрақты емес. Эмоцияға тәуелді. Халық үнемі ‘600 болады ма?’, ‘700-ге жетеді ме?’, ‘800-ге дейін көтеріле ме?’ деп алаңдайды. Мұндай нарықта тепе-теңдік табу өте қиын», – дейді ол.
Сарапшының сөзінше, Қазақстан экономикасы Ресеймен тығыз байланысты. Сауда-саттық пен логистиканың көп бөлігі Ресей арқылы өтетіндіктен, рубль бағамының өзгерісі теңгеге тікелей әсер етеді. Бұл жағдай халықтың сенімсіздігі мен ішкі нарықтың эмоцияға негізделген шешімдерге тәуелді екенін көрсетеді.