Қазақстанда 1 қазаннан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдарынан (МҚҰ) онлайн несие алу ережесі ресми түрде өзгерді. Енді интернет арқылы кепілсіз несие немесе микроқарыз ресімдеу үшін бірнеше батырманы баса салу жеткіліксіз — клиенттер міндетті түрде арнайы сауалнамадан өтуге тиіс, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бекіткен жаңа талаптар, ең алдымен, қаржылық алаяқтардың арбауына түсіп қалатындарды қорғауға және несиені қайта қаржыландыру (рефинансирование) кезіндегі былықты тыюға бағытталған.
7 сұрақтан тұратын сүзгі: банк нені білгісі келеді?
Бұрын алаяқтар телефон шалып, өзін «Ұлттық қауіпсіздік қызметкерімін» немесе «банктің қауіпсіздік бөліміненмін» деп таныстырып, адамдарды өз атынан несие алып, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға оп-оңай көндіретін. Азаматтар психологиялық қысыммен 5 минуттың ішінде миллиондаған қарызға батып шыға келетін.
Енді осы әлеуметтік инженерияға тосқауыл қою үшін кез келген онлайн қарыз аларда экранға 7 сұрақ шығады. Банк сізден мынаны сұрайды:
- Несие алуды сізге кім ұсынды?
- Бұл өтінішті өз еркіңізбен беріп отырсыз ба, әлде біреудің айтуымен бе?
- Ақшаны нақты қандай мақсатқа жұмсайсыз?
- Шарттың пайызымен, қайтару кестесімен таныстыңыз ба?
- Біреу сізге қысым көрсетіп, «тез ал» деп асықтырып жатқан жоқ па?
- Кредит алып жатқаныңызды туыстарыңыздан немесе банк қызметкерінен жасыруға кеңес берілді ме?
- Сізге жақында біреу қоңырау шалып: «Шотыңызға қауіп төнді, ақшаңызды құтқару керек» деді ме?
Егер жауаптардан титімдей болса да күдік туса, банк автоматты түрде ақша аударуды тоқтатады. Клиентпен қайта байланысып, биометриялық тексеруден өткізеді, нөмірдің кімге тиесілі екенін тексереді. Қауіп сейілмейінше, несие берілмейді.
Бұл — ақшаға шұғыл мұқтаж адам үшін артық машақат болып көрінуі мүмкін, бірақ алданып қалған мыңдаған отандасымызды қарыз қамытынан құтқаратын басты тежегіш.
Мұны дәріханада күшті әсер ететін дәріні рецептсіз бермей қойғанымен салыстыруға болады: емделушіге ыңғайсыз, бірақ өмірін сақтап қалу үшін қажет шара.
Қайта қаржыландыру (рефинансирование): ақша қолға берілмейді
Тағы бір өте маңызды өзгеріс — кредиттерді біріктіру немесе пайызды төмендету мақсатында жасалатын қайта қаржыландыруға қатысты.
Бұрын қалай еді? Мысалы, сіздің А банкінде 1 миллион теңге қарызыңыз бар. Пайызын жеңілдету үшін Б банкінен арзанырақ несие рәсімдейсіз де, ақша қолыңызға түскенде көңіліңіз ауып, оны ескі несиені жабуға емес, той жасауға немесе басқа шығындарға жаратып жібересіз. Нәтижесінде бұрынғы бір қарыздың үстіне екінші қарыз жамалып, борыш екі есеге артатын.
1 қазаннан бастап бұл «қулық» өтпейді:
- Егер сіз ескі қарызды жабу үшін жаңа банктен қайта қаржыландыру алсаңыз, ол ақша сіздің қолыңызға немесе картаңызға мүлдем түспейді.
- Жаңа банк сіздің келісіміңізбен қаражатты тікелей бұрынғы қарызыңыз тұрған банкке немесе микроқаржы ұйымына аудара салады.
- Ақша түскен бойда ескі қарыз 5 күннің ішінде автоматты түрде жабылады. Сізден ешқандай қосымша өтініш те сұралмайды.
Бұдан кім ұтады, кімге қиын болады?
Банктер енді онлайн несиенің барлық деректерін (қоңыраулар, хаттар, биометрия) кемінде 5 жыл сақтауға міндеттелді. Бұл кейін сотта шындықты дәлелдеуді жеңілдетеді.
Көшедегі алаяқтар мен аңғал адамдарды алдап ақша табатын қылмыстық топтарға үлкен соққы тиді. Себебі құрбанын «гипноздап», лезде ақша аудартып алатын жылдамдық енді жоқ: банктер клиентті сауалнамамен тоқтатып, ойлануға уақыт береді. Сондай-ақ банктер енді онлайн несиенің барлық деректерін (қоңыраулар, хаттар, биометрия) кемінде 5 жыл сақтауға міндеттелді. Бұл кейін сотта шындықты дәлелдеуді жеңілдетеді.
Ал үнемі несие алып, оны басқа несиемен жауып, артық қаражатты басқа жаққа жұмсап үйренген тәртіпсіз борышкерлер үшін жағдай күрделене түсті. Енді қаржы тек нақты мақсатқа жұмсалады.
Қарапайым азамат үшін онлайн несие алу процесі бірнеше минутқа ұзарады, бірақ есесіне жеке дерегі ұрланған немесе алаяқтар шабуыл жасаған жағдайда, жүйе оны қорғап қалуға барынша бейімделеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







