Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев АҚШ-тан депортацияланатын қазақстандықтар туралы ақпаратқа пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
АҚШ-тың көші-қон және кеден полициясы (ICE) 2024 жылдың 24 қарашасындағы жағдай бойынша, депортация тізімінде 369 қазақстандықтың бар екенін хабарлаған.
«Сыртқы істер министрлігі АҚШ аумағында заңсыз жүрген Қазақстан азаматтарына ескерту жасады. Оларға заңсыз статусын мойындап, ерікті түрде елден шығуға мүмкіндік берілген. Біз бұл әрекеттердің салдары туралы ескерткен болатынбыз», – деді Бақаев.
Министрдің орынбасары мәжбүрлі депортация жағдайында қазақстандықтарға қандай шектеулер төнетінін де атап өтті.
«АҚШ аумағына кіруге тыйым салынады. Басқа қандай шаралар қолданылатыны белгісіз, өйткені бұл АҚШ-тың ішкі саясатына байланысты. Алайда ерікті түрде кету мүмкіндігі бұрыннан бар және осы бағытта қазақстандықтар үшін де мүмкіндік сақталады. Бұл мүмкіндікті пайдаланбайтындар мәжбүрлі депортацияға ұшырауы мүмкін», – деп түсіндірді ол.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, 369 қазақстандықтың депортациялануы АҚШ-тың жаңа көші-қон саясатына қатысты емес.
АҚШ-та Трамптың инаугурациясынан кейін мигранттарға қарсы рейдтердің басталатыны туралы ақпарат тараған болатын. Алғашқы рейдтер Чикаго, Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Денвер және Майами қалаларында өтетіні айтылған. Осы шараларға АҚШ көші-қон және кеден қызметінің 200-ге жуық қызметкері қатысатын болады.
Рейдтер барысында қылмыс жасаған адамдарға ерекше назар аударылмақ.