Қазақстанда алкогольсіз сусындар мен минералды су өндірісі қарқын алды. 2026 жылғы қаңтар-мамырда отандық кәсіпорындар 1,6 млрд литр өнім шығарып, былтырғы сәйкес кезеңдегі көрсеткіштен 17 пайызға асып түсті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Ішкі нарықтағы өткізу көлемі 1,7 млрд литрге жетті. Бір жыл ішінде сатылым 21 пайыз өскен. Өндіріс ұлғайғанымен, импорттық сусындарға деген сұраныс та бәсеңдеген жоқ.
Есепті кезеңде Қазақстанға 217,1 млн литр алкогольсіз сусын жеткізілді. Импорт көлемі былтырмен салыстырғанда 29,6 пайыз артты. Соған қарамастан, шетелдік өнімнің ішкі нарықтағы үлесі 11,4 пайыз деңгейінде қалды. Демек, нарықтың негізгі бөлігін қазақстандық өндірушілер қамтамасыз етіп отыр.
Экспортта қант, өзге тәттілендіргіш, хош иістендіргіш және дәмдік қоспалар қосылған су мен алкогольсіз сусындар басым. Қаңтар-мамырда аталған санат бойынша шетелге 172,8 млн литр өнім сатылды. Экспорттың ақшалай көлемі 75,5 млн долларды құрады.
Қазақстандық сусындардың негізгі нарығы бұрынғысынша Қырғызстан болып отыр. Көрші елге 94,9 млн литр өнім жөнелтіліп, жеткізілім құны 39 млн долларға жетті.
Өзбекстан бағытындағы сауда да едәуір жанданды. Экспорт көлемі былтырғы 39,2 млн литрден 48,3 млн литрге дейін өсті. Қазақстандық өндірушілер бұл нарыққа 28,1 млн доллардың өнімін жеткізген.
Ең жоғары серпін Ресейге жөнелтілген сусындардан байқалды. Экспорт 2,5 еседен астам ұлғайып, 9,2 млн литрден 23,5 млн литрге жетті.
Арменияға жеткізілім шамамен 10 есе өсіп, 548,5 мың литрді құрады. Әзербайжан мен Грузия бағытындағы экспорт 12 еседен астам артты. Аталған елдерге тиісінше 342,1 мың және 393,5 мың литр өнім сатылды.
Тәжікстанға жөнелтілген сусындар көлемі 2,5 млн литрден 2,9 млн литрге дейін көбейді. Моңғолияға экспорт 802,1 мың литрден 930,2 мың литрге, Корея Республикасына жеткізілім 117,7 мың литрден 171,5 мың литрге жетті.
Экспорт географиясының кеңеюі қазақстандық сусын өндірушілердің өңірлік нарықтағы орнын күшейтіп келе жатқанын көрсетеді. Қырғызстан мен Өзбекстан негізгі бағыт болып қалғанымен, Ресей, Кавказ және Азия елдеріндегі өсім жаңа өткізу арналары қалыптасып жатқанын аңғартады.
2025 жылдың қорытындысында Қазақстанда алкогольсіз сусын өндірумен 145 кәсіпорын айналысқан. Ішкі сұраныс пен экспорттың қатар өсуі саладағы өндірістік қуатты кеңейтуге және жаңа брендтердің нарыққа шығуына мүмкіндік беріп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






