Дикий Арман Президент пен Қазақстан халқына үндеу жасады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz kursiv.media-ға сілтеп.
Оның үндеуін бүгін адвокаты Елена Жигалёнок оқыды. Арман Жұмагелдиевтің айтуынша, оны «қылмыстық істі бұрмалау және пропагандалық сипаттағы фильмдер түсіру» арқылы «Қаңтардағы» тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушы етіп шығармақ.
«Ұялатын түгім жоқ, керісінше. Сын сағатта заң күзетінде болғанымды және өз елімді қорғағанымды мақтан тұтамын. Алланың қалауымен «Қаңтар» бойынша барлық жайт Президентке жетеді деп және менің дәлелдерімді тексеріп, Арман сатқын емес, батыр екеніне көз жеткізеді деп үміттенемін», — деп жазды Жұмагелдиев.
Дикий Арман «шындықты бәрі білсін» деп ашық сотты сұраған.
Арман Жұмагелдиев Алматыда 2022 жылғы 7 қаңтарда Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталды. Ол тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды, оларға қатысты, атыс қаруын ұрлады, атыс қаруын заңсыз сатып алды немесе алып жүрді деп айыпталып отыр. Оған қатысты сот 2023 жылғы қазанда басталды, бірақ жабық түрде өтті.