Қазақстандық танымал спортшы Шавкат Рахмоновтың бұрынғы жары Гүлайым Рахмонова алғаш рет көпшілік алдына шықты. Ол 2025 жылы болған қайғылы жол апатының мән-жайын толық айтып берді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ол журналист Руслан Өтепбайдың YouTube арнасына берген сұхбатында апаттың бұрын беймәлім болып келген тұстарын, сот шешіміне көзқарасын және Шавкатпен ажырасуының себептерін ашық баяндады.
Рахмонованың айтуынша, апат күні ол Көкшетауда қазақ тілді балабақша ашу мақсатымен жолға шыққан. Жолсеріктері туған сіңлісі, жақын құрбысы және кішкентай ұлы болған. Қайғылы оқиға Алматыдан 300 шақырымдай жердегі Жамбыл облысы, Ақсүйек ауылының маңында болған.
«Көлік аударылғаннан кейін есімді жиып, көзімді ашқанда, балам қасымда жылап жатты. Бірден ұлымның амандығын тексердім. Сол сәтте құтқарушылар келіп, көмек көрсете бастады. Бұрылып қарасам, сегіз метрдей жерде сіңлім жатыр екен. Шу қаласындағы ауруханаға бара жатқанда бәрі аман болса екен деп тіледім. Бірақ дәрігерлер маған сіңлім мен құрбымның қаза тапқанын хабарлады. Өзімде ми шайқалу, қабырға сынуы мен омыртқа жарақаты болды. Ұлым жеңіл жарақат алды», – дейді Гулайым Рахмонова.
Оқиға кезінде….
Шавкат Рахмонов Дубайда UFC турнирінде өнер көрсеткен Асу Алмабаевты қолдап жүрген.
«Алматыға небәрі екі-үш сағат жол қалған еді. Барлығы бір мезетте болып кетті. Әрине, кінәлі екенімді білемін, кінә сезімі өмір бойы өзегімді өртеп өтеді. Біз ортақ жоспар құрдық, балабақша ашқымыз келген. Апаттан соң әлеуметтік желілерде мен туралы түрлі пікір жазылды: «үйде тыныш отырмай, трассада не істеп жүр?» деп сынады. Шындығында, сапарымыз тек іскерлік мақсатта еді», – деді ол.
Гулайым Рахмонова апаттан кейін әлеуметтік желіде Шавкатпен ажырасқанын жариялағанда, көпшілік мұны соттың жеңіл шешімін алу үшін әдейі жасады деген болжам айтқан. Алайда ол мұны жоққа шығарды.
«Біздің ажырасуымыз бен соттың арасында байланыс жоқ. Бұлар мүлдем бөлек оқиғалар. Сот үкіміне толық келісемін деп айта алмаймын, апелляцияға береміз. Әрине, маған өте қиын. Бірақ бес балам бар, туыстарым бар, өмірді жалғастыруым қажет. Енді жылап отыратын уақыт емес. Қаза болған құрбымның туыстары мені сот басталмай тұрып-ақ кешірген еді. Қызымның тіл кемшілігіне көмектескен осы құрбым болатын. Сондықтан оған бірге кәсіп ашуды ұсынғанмын», – деді ол.
Еске сала кетсек…
2025 жылдың жазында Алматы – Екатеринбург тас жолының 296-шақырымында Toyota Land Cruiser көлігі аударылып, екі адам қаза тапқан еді. Көлікті басқарған Гулайым Рахмонова апатқа дейін түні бойы рөлде болғандықтан қатты шаршап, басқарудан айырылған. Бір құрбысы оқиға орнында көз жұмса, сіңлісі ауруханаға бара жатқанда жан тапсырған.
Сот процесі барысында Рахмонова кінәсін мойындамай, жақындарын жоғалтқанын алға тартты. Бұған дейін бір жылда 19 рет жол ережесін бұзғаны анықталған. Сот оны кінәлі деп танып, 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







