16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сотталғандардың шағымын кассациялық сот қарап, бұған дейін шыққан үкімдерді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сотқа Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахмет, сондай-ақ олардың қорғаушылары жүгінген. Отырыс бейнебайланыс форматында өткен. Сотталғандар өздерін кінәсіз санайтынын айтып, ақтауды сұраған.
Дидар Қалиахметтің мүддесін қорғаған адвокат Айбек Майыров алдын ала сөз байласу жөніндегі нұсқа іс материалдарымен расталмайтынын алға тартты. Ол бұзақылық бабы бойынша қылмыстық қудалауды қылмыс құрамы болмағандықтан тоқтатуды сұраған.
Азамат Тоқтаубаевтың адвокаты Гүлмира Бабажанова айыпты жеңілірек бапқа ауыстыруды талап еткен.
Алайда сот алқасының төрағасы Артур Наримов істі қайта қарауға негіз жоғын мәлімдеді. Соның нәтижесінде барлық шағым кері қайтарылды.
Сот мәліметіне қарағанда, кассациялық алқа іс материалдарын зерделей келе сотталғандардың уәжін қабылдамаған. Өйткені екеуі де өзге айыпталушылармен бірге әрекет етіп, шабуылдаушылар тобының құрамында болғаны және төбелес кезінде белсенді қимыл жасағаны анықталған.
Қанды оқиға 2024 жылғы 4 қазанға қараған түні Талғарда болған. Әкесіне дүкенде көмектесіп жүрген 16 жастағы Шерзат Болат жаппай төбелес кезінде өлімші жарақат алған.
Тергеу нұсқасына сай, сатып алушымен туған жанжал кейін пышақ қолданылған топтық қақтығысқа ұласқан. Соның салдарынан жасөспірім мен оның ағасы жараланып, Шерзат кейін ауруханада көз жұмған.
Іс Қазақстанның ішкі істер министрінің бақылауында болған.
Бірінші сатыдағы сот тоғыз адамды кінәлі деп таныған. Абзал Шынасыл 23 жылға, Равиль Сакиев 20 жылға, Азамат Тоқтаубаев 15 жылға сотталған. Нұрқияс Ілиясов 9 жыл алған. Шыңғыс Белғожаев, Дархан Аскентай, Нұрбол Тоқтаубаев және Дидар Қалиахметтің әрқайсысы 7 жылдан бас бостандығынан айырылған. Кәмелетке толмаған фигурант 1,5 жыл жаза алып, кейін босап шыққан.
Осылайша, апелляциялық сатыдан кейін кассациялық сот та үкімдерді сол күйі қалдырды. Шерзат ісі бойынша негізгі шешімдер өзгерген жоқ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







