Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматы облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі көлік инфрақұрылымының жаңғыртылу барысын және Қонаев қаласындағы әкімшілік ғимараттардың құрылысын тексерді. Сапар барысында Президент Тоқаевтың жол сапасын арттыру және бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалау жөніндегі тапсырмаларының орындалуына басты назар аударылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жұмыс сапары Кеген ауданындағы шекара маңында орналасқан «Кеген» өткізу пунктінен басталды. Бірінші вице-премьер халықаралық маңызы бар стратегиялық бекеттің құрылыс барысымен танысып, жауапты мемлекеттік органдар мен мердігер ұйымдарға нысанды белгіленген мерзімде толық аяқтауды тапсырды.
Одан кейін Кеген мен Райымбек аудандарын байланыстыратын автомобиль жолын жөндеу учаскесі қаралды. Үкімет өкілі жол жабынының беріктігін қатаң қадағалап, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарының сақталуын міндеттеді.
Бақылау жүйесі түбегейлі өзгереді
Нұрлыбек Нәлібаев жол құрылысындағы мемлекеттік қадағалау тетіктерін қайта құру қажеттігіне тоқталды. Оның айтуынша, ендігі кезекте жол сапасын жекелеген учаскелерді аралап қана тексеру тәжірибесі тоқтатылып, барлық жұмыс бастан-аяқ жүйелі түрде қадағаланбақ.
– Мемлекет басшысы жол құрылысының сапасын бағалау жүйесін қайта қарау және құрылыстың барлық кезеңінде бақылауды күшейту туралы тапсырма бергені белгілі. Алдағы уақытта жол сапасы жекелеген нысандарды тексерумен ғана шектелмейді, жобалау, салу, жөндеу және пайдалану кезеңдерінің барлығында бағалаудың нақты әрі бірізді тәсілдері қолданылады, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Бюджет қаражаты қатаң қадағалауда
Мемлекеттен инфрақұрылымға бөлінген қаржының әрбір теңгесі өз орнымен жұмсалуы тиіс. Бірінші вице-премьер мердігерлерге құрылыс кестесін қатаң сақтауды, инженерлік желілерді дер кезінде дайындап, техникалық қадағалауды күшейтуді тапсырды.
– Бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылау, нысандарды құрылыс нормалары мен қауіпсіздік талаптарына сай пайдалануға беру басты назарда болуы тиіс, – деп түйіндеді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Қонаев қаласында бой көтеріп жатқан әкімшілік нысандардың да сапасы мен қауіпсіздігі үнемі тексеруде болады. Жауапты тұлғаларға құрылыс нормаларынан ауытқыған кез келген олқылық дер кезінде жойылуы керектігі ескертілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






