Шымкент әкімдігі әлеуметтік желіде жаңа стадион құрылысына берілген жер учаскелеріне қатысты тараған пікірлерге түсініктеме берді. Ресми мәлімет бойынша, 2024 жылдан бері Қаратау ауданындағы 223-орамнан 190 жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін алынған, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жерді мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы қаулылар футбол стадионын салу мақсатында қабылданған. Учаске иелеріне төленетін өтемақы тәуелсіз бағалау қорытындысы негізінде есептелген.
«Мемлекеттік мүлік туралы» заңға сәйкес мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер мен ондағы жылжымайтын мүліктің құны нарықтық бағамен айқындалады. Бұл ретте меншік құқығының қандай негізде пайда болғаны есепке алынбайды.
Әкімдік келтірген нарықтық ұсыныстарда 0,1130 гектар жер 25 миллион теңгеге, ал 0,0800 гектар учаске 18 миллион теңгеге бағаланған. Осы есеп бойынша бір шаршы метрдің құны 22 123 теңгені құрайды.
Тәуелсіз бағалау компаниясы стадион салынатын аумақтағы жердің бір шаршы метрін 17 501 теңге деп есептеген. Соған сәйкес, аумағы 0,0800 гектар учаскенің құны 14 миллион 920 теңге болып белгіленген.
Мемлекет мұқтажы үшін 21 гектар жер қайтарылды. Оның бес гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы учаске болған. Бұған мемлекет меншігіндегі тағы бес гектар жер қосылған.
Жалпы аумағы 26 гектар жердің нысаналы мақсаты «стадион құрылысы үшін» деп айқындалды. Учаске Шымкент қаласының Құрылыс басқармасының балансына берілген.
Аталған аумақтағы бастапқы 40 гектар жер 2006 жылы Сайрам ауданы әкімінің қаулысымен шаруа қожалығын жүргізу үшін пайдалануға берілген. Кейін оның 14,70 гектарының нысаналы мақсаты өзгертілген.
2007 жылғы қаулыға сәйкес бұл аумақ сауда қатары, дүкен, өндірістік база, әкімшілік ғимарат, қойма салу және жеке қосалқы шаруашылық жүргізу мақсатына берілген. Әкімдік мәліметінше, жер учаскелері 2013 жылы Шымкент аумағына қосылғаннан кейін олардың нысаналы мақсаты өзгертілмеген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







