Shymkent Creative Hub орталығында жұмыс істейтін «САҚ» киностудиясы ұлттық мазмұндағы анимациялық фильмдер әзірлеп, қазақ мультфильмін жаңа деңгейге көтеруге үлес қосып келеді. Студияның соңғы ірі жобаларының бірі – «Алан туралы аңыз» толықметражды анимациялық фильмі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Shymkent Creative Hub-та кино және анимация жобаларына арналған арнайы студиялық кеңістік қарастырылған. Мұнда шығармашылық топтар идеяны талқылап, жобаларын таныстырып, көрерменмен және креативті индустрия өкілдерімен байланыс орната алады.
«Алан туралы аңыз» фильмінің өндірісіне екі жыл уақыт жұмсалған. Туынды заманауи әрі динамикалық үлгіде жасалып, ұлттық және тарихи-мәдени құндылықтарды 3D анимация тілімен жеткізеді.
Оқиға Қаражал әскері бейбіт қаланы басып алған сәттен басталады. Кезінде жазықсыз қуылған батыр Барыстың ұлы Алан туған жеріне оралып, достарымен бірге халқын қорғауға аттанады. Фильм ерлік, әділдік, достық және мейірімділік ұғымдарын дәріптейді.
Туындының режиссері – Азамат Ерназаров. Сценарийін Бақытжан Құлжабаев, Батырхан Дәуренбеков және Азамат Ерназаров жазған. Продюсері – «САҚ» киностудиясының директоры Нұриддин Паттеев.
Ұлттық мұраны дәріптеу бағыты
Студияның қоржынында «Айбынды аула» мен «Тоқты мен Серке» мультсериалдары, сондай-ақ «Ахмет» анимациялық фильмі бар. Бұл туындылар 2026 жылы Астанада өткен Шымкенттің креативті индустрия күндерінде көрерменге ұсынылды.
«САҚ» бұған дейін «Қазақ елі», «Қажымұқан», «Толағай», «Томпақ», «Қалқанқұлақ», «Әл-Фараби», «Төле би», «Домалақ ана» және «Дина. Күй құдіреті» секілді шығармалар жасаған.
Студияның негізгі бағыты – балаға ұлттық тарихты қызықты оқиға мен есте қаларлық кейіпкер арқылы таныстыру.
Shymkent Creative Hub анимацияны мәдени өніммен қатар, креативті экономиканың маңызды саласы ретінде дамытуға мүмкіндік береді. Мұндай орта сценарист, суретші, 3D-модельдеуші, дыбыс режиссері мен аниматордың бірлесіп жұмыс істеуіне жол ашады.
Шымкентте жасалған мультфильмдердің республикалық және халықаралық аудиторияға ұсынылуы қаланың шығармашылық беделін көтереді. Ұлттық кейіпкерлерді заманауи технологиямен сөйлету – қазақ анимациясының бәсекеге қабілетін арттыратын нағыз креативті бағыт.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







