Шымкент қаласында ұлттық музыканы дәріптеген «Шымкент сазы» дәстүрлі өнер кеші өтті. Қазақтың күйі, термесі мен халық әнін бір сахнаға тоғыстырған концерт рухани мұраны кейінгі буынға жеткізудің маңызын көрсетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мерекелік бағдарламаға «Қаратау» фольклорлық ансамблі мен «Қазына» би ансамблі қатысты. Сонымен қатар дәстүрлі өнерді насихаттап жүрген белгілі орындаушылар сахнаға шығып, көрерменге ұлттық музыка қорындағы таңдаулы туындыларды ұсынды.
Кеш барысында Кетбұға, Сүгір, Қазанғап және Құрманғазы секілді көрнекті күйші-композиторлардың шығармалары орындалды. Домбырадан төгілген әр күйде қазақ халқының тарихы, қуанышы мен тағдыры көрініс тапты. Ұлттық аспаптардың үндестігі концертке ерекше мазмұн мен рух берді.
Көрермен Асан Қайғы мен Нартайдың тағылымды термесін де тыңдады. Ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жеткен терме өнері адамгершілікке, парасатқа және елдік мұратқа үндейді. Халық әндері мен белгілі композиторлардың шығармалары жанды дауыста орындалып, көпшілікке әсерлі көңіл күй сыйлады.
Ұлттық болмыс пен ұрпақтар сабақтастығы
«Шымкент концерт» концерттік ұйымының басшысы Қуанышбек Құттыбайұлы кештің негізгі мақсаты ұлттық өнер мен дәстүрлі мәдениетті кеңінен насихаттау екенін айтты.
– Көрерменге мазмұны мен атмосферасы ерекше бағдарлама дайындадық. Бірнеше буын сүйіп тыңдайтын халық әндері мен танымал шығармалар орындалды. Концерт қазақ музыкалық мұрасының қаншалықты бай екенін тағы бір мәрте көрсетті, – деді ол.
Ұлттық музыканы дамыту – тек өнер ұжымдары мен сахна шеберлерінің міндеті емес. Ол халықтың тарихи жадын сақтап, ұлттық болмысын келесі ұрпаққа аман жеткізуге бағытталған қасиетті міндет. Күй мен терме, жыр мен халық әні арқылы жас буын ата-бабасының дүниетанымын, өмірлік ұстанымын және рухани құндылығын тереңірек танып өседі.
Осындай мәдени кештер дәстүрлі өнерді бүгінгі тыңдарманға жақындатып, жас орындаушылардың ұлттық жанрға қызығушылығын арттырады. «Шымкент сазы» айтуылы кешті ұлттық музыкамен айшықтап, қазақ өнерінің өміршеңдігін танытқан рухани мерекеге айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







