Спортты дамыту дирекциясы спортшыларға жалақы қолданыстағы келісімшарттар мен халықаралық жарыстарға дайындықтың бекітілген шартқа сәйкес төленетінін айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Дирекция түсіндірмесіне сәйкес, мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы жалақы бұрын жасалған келісімшарт негізінде толық төленген.
Ал 2026 жылдың наурыз айынан бастап спортшының Миланда өткен Олимпия ойындарында алтын медаль жеңіп алғаны ескеріліп, жаңа келісімшарт жасау жоспарланған. Бұл құжатта келесі олимпиадалық циклге дайындық пен қаржыландырудың жаңартылған шарттары қарастырылған.
Қазіргі уақытта жаңа келісімшарт талаптары тараптар арасында талқыланып жатыр. Дирекция мұндай тәжірибе жаңа олимпиадалық циклге дайындық жүйесіне кіретін барлық спортшыға қолданылатынын айтты. Соынмен қатар ұзақ мерзімді мемлекеттік қаржыландырудың қалыпты тәртібі саналатынын атап өтті.
Сонымен қатар мемлекет Михаил Шайдоровты Олимпиададағы тарихи жеңісі үшін ынталандыруға қатысты міндеттемелерін толық орындайтынын мәлімдеді. Алтын медаль үшін спортшыға 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы төлеу, Алматы қаласынан үш бөлмелі пәтер беру және Қазақстан заңнамасына сәйкес өмір бойғы ай сайынғы мемлекеттік төлем тағайындау қарастырылған.
Михаил Шайдоровтың жеңісі Қазақстан мәнерлеп сырғанауы үшін тарихи оқиға болды. Сондықтан мұндай деңгейдегі спортшының келесі маусымға алаңсыз дайындалуы маңызды. Қаржыландыру, жаттығу жиыны, медициналық сүйемелдеу және жаңа олимпиадалық циклге дайындық мәселелері уақытылы шешілуі тиіс.
Дирекцияның мәліметіне қарағанда, жалақы төлеміндегі үзіліс жаңа келісімшартты рәсімдеу процесімен байланысты. Тараптар құжат талаптарын келісіп болған соң, спортшыны қаржыландыру жаңартылған шарттар бойынша жалғасады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







