Жетісу облысының Текелі қаласында ерлі-зайыптылар арасындағы тұрмыстық жанжал адам өлімімен аяқталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жергілікті тұрғын әйел күйеуін өлтірді деген күдікпен ұсталды. Ер адам пышақ жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.
Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 10 маусым күні болған. Алдын ала дерек бойынша, ерлі-зайыптылар бірге алкогольдік ішімдік ішіп отырған. Сол кезде олардың арасында тұрмыстық жанжал туған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, жанжал кезінде әйел күйеуіне пышақ жарақатын салған. Алған жарақат ер адамның өліміне әкелген.
Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. «Тергеу барысында өлімге әкелген жарақатты әйелдің ерлі-зайыптылардың бірге алкогольдік ішімдік ішіп отырған кезінде салғаны анықталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», деп мәлімдеді полиция департаменті.
Күдіктіге қатысты сот санкциясымен қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазір ол Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторында отыр.
Полиция сотқа дейінгі тергеу бақылауда екенін хабарлады. Тергеу прокуратура органдарымен келісу арқылы жүргізіліп жатыр.
Ведомство Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейтінін ескертті.
Қажетті тергеу әрекеттері толық аяқталғаннан кейін іс бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.
Күдіктінің кінәсі сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана дәлелденген болып саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







