Түркістан облысында шетелдік әйелді зорлады деген күдікпен тергеу изоляторына қамалған Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаев әлі күнге дейін халық қалаулысы мәртебесін сақтап отыр. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы соттың заңды үкімі шыққанға дейін оны мандатынан айыруға құқықтық негіз жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Заңдық негіз және кінәсіздік презумпциясы
Сайлау комиссиясының түсіндіруінше, сотқа дейінгі тергеудің басталуы немесе күдіктінің қамауға алынуы депутаттық өкілеттікті тоқтатуға тікелей себеп бола алмайды. Бұл ретте Қылмыстық-процестік кодексте көрсетілген кінәсіздік презумпциясы талаптары басшылыққа алынады. Яғни, азаматтың кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденбейінше, ол кінәсіз деп есептеледі.
Осыған байланысты аудандық мәслихатта Аманбаевтың өкілеттігін тоқтату бойынша ешқандай өтініш түспеген, арнайы отырыстар мен депутаттық этика комиссиясы өткізілмеген. Аудандық мәслихат бұған дейін сайлау органдарына ресми сауал жолдағанымен, комиссия түпкілікті шешім тек құқық қорғау органдарының тергеу нәтижесіне немесе сот үкіміне сай қабылданатынын жеткізген.
Де-юре депутат, де-факто қамауда
Құжат жүзінде Ерғали Аманбаев халық қалаулысы мәртебесінде қалғанымен, іс жүзінде өзінің депутаттық міндеттерін атқара алмайды. Тергеу изоляторында отырған азаматқа мәслихаттың тұрақты сессияларына, қоғамдық жиындар мен комиссияларға қатысуға заңмен тыйым салынған.
Осылайша, депутат де-юре өкілеттігін сақтағанымен, де-факто сайлаушылардың мүддесін қорғау жұмысынан толықтай шеттетілген.
Шетелдік инвесторлар сапары және ауыр айып
Депутаттың қамауға алынуына шетел азаматшасының полицияға жазған арызы түрткі болды. Бейресми мәліметтерге қарағанда, 34 жастағы шетелдік әйел қорғасын-мырыш кенін өндіру саласына инвестиция салуға қызығушылық танытқан төрт шетелдікпен бірге Бәйдібек ауданының Байжансай ауылына келген.
Келген қонақтарды аудандық мәслихат депутаты Ерғали Аманбаев күтіп алып, өңірде бірге еріп жүрген. Кейін күдікті келіншекті адам аяғы баспайтын елсіз жерге апарып, зорлады деген ақпарат тарады. Түркістан облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын, Шымкент қаласының тұрғыны анықталып, қамауға алынғанын растаған болатын. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтау шаралары жүргізілуде.
Жалған нөмір және бұрынғы тәртіпсіздіктер
Ерғали Аманбаев бұған дейін де бірнеше рет даулы оқиғалармен қоғам назарына іліккен. Өткен жылдың тамыз айында әлеуметтік желілерде «777» мемлекеттік нөмірі бар Lexus көлігінің Шымкент көшелерінде жол ережесін өрескел бұзған видеосы тараған еді. Жүргізуші қарама-қарсы бағытқа шығып, қауіпсіздік белдігінсіз әрі сақтандыру полисінсіз көлік айдаған, тыйым салынған жерде артқа қарай қозғалған.
Кейін көлік рөлінде аудандық мәслихат депутатының отырғаны және пайдаланылған белгілі нөмірдің мүлдем басқа автокөлікке тиесілі екені анықталды. Сол кезде сот шешімімен Аманбаев төрт тәулікке қамалып, бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған, сондай-ақ оған партиялық сөгіс жарияланған болатын. Алайда ол уақытта аудандық мәслихат жол ережесін бұзу әрекетін депутаттық этикаға жатқызбай, тек қарапайым ескерту жасаумен шектелген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







