Түркіменстан билігі мемлекеттік қызметкерлерді «Бердімұхаммедов отбасы мүшелерінің суреті бар газет-журналдарды бүлдірмей, сақтап қоюға міндеттейтін» жазбаша құжатқа қол қойғызған — деп хабарлайды ErtenMedia «Азаттыққа» сілтеп.
Басылым дерегінше, мемлекеттік басылымдарға жазылуға мәжбүр болған мемлекеттік қызметкерлер мен студенттер енді «қағаз басылымдарды бүлдірмеу» туралы жаңа талапқа кезіккен. Балқан уәлаятындағы шенеуніктердің бірі «Азаттыққа» жыл басынан бері осы ережеге қатысты қатаң шаралар енгізілгенін айтқан.
Ереженің орындалуын қадағалау үшін билік газет-журналдарға QR-код қою мүмкіндігін қарастырып жатыр.
«Біз үйде балалар газеттерге тиісе ме деп қорқамыз. Егер бала кенеттен жыртып тастаса немесе президенттің суретін лақтырса, бұл бізге проблема болады», — деген аты-жөнін айтпаған шенеунік Азаттыққа.
Түркіменстанда мемлекеттік басылымдар қатаң цензураға ұшырап, маңызды жаңалықтарды өте жұтаң шығарады. Көптеген жазылушы газеттерді сирек оқиды. Президент Сердар Бердімұхамедов пен оның әкесі бұрынғы басшы Гурбангулы Бердімұхаммедовті мақтаған мақалаларға толы газеттерді тұрғындар көп жағдайда отқа тамызық ретінде немесе заттарды орау үшін, тіпі дәретхана қағазы ретінде пайдаланады.
Сөз бостандығын бақылайтын «Шекарасыз тілшілер» (RSF) ұйымының мәліметінше, Түркіменстан — сөз бостандығы бойынша әлемде ең төменгі орындарда тұрған мемлекеттердің бірі. Билік үлкен Бердімұхаммедовтен кіші Бердімұхамедовке берілгеннен кейін де жағдай өзгермеген. Гурбангулы Бердімұхамедов әлі де шешім қабылдау бойынша елдегі негізгі тұлға ретінде қалып отыр.