Германия тарапы Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновті экстрадициялаудан бас тартты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазақстан Бас прокуратурасы агенттік сауалына берген жауабында Германия Дүйсеновті беруден бас тартқанын растады. Алайда неміс тарапы мұндай шешімнің себебін көрсетпеген.
«Дүйсенов М.К.-ны экстрадициялау мәселесіне қатысты сауалыңыз бойынша хабарлаймыз: герман тарапы оны беруден бас тартты, себебі көрсетілмеген. Сонымен бірге аталған адамды іздеу тоқтатылған жоқ, қылмыстық қудалау жалғасуда. Қазір іс бойынша мән-жайды анықтауға бағытталған шаралар, соның ішінде шет мемлекеттердің құзырлы органдарымен өзара іс-қимыл жүргізілуде», деп жауап берді Бас прокуратура.
Қадағалау органы істің нақты фабуласын жария еткен жоқ. Бас прокуратура Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етуге жатпайтынын мәлімдеді.
Мақсат Дүйсенов бұрынғы қаржы полициясы басшысы Қайрат Қожамжаровтың командасындағы тұлғалардың бірі ретінде аталады. ҚазТАГ бұған дейін «қожамжаровшыларға» қатысты бірқатар резонансты іс туралы жазған.
Қазір бұрынғы Ұлттық бюро басшысы Талғат Татубаев тергеу изоляторында отыр. Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы жетекшісі Олеся Кексель үйқамақта. Екеуі де Қожамжаровқа жақын адамдар ретінде сипатталады.
Сонымен қатар бұрынғы қаржы полициясының қызметкері Талғат Махатов кеденші Медет Жамашевтің өліміне тапсырыс беруші ретінде бұрын сотталған. Кейін тағы бір ұзақ мерзім алып, жалпы 24 жылын түрмеде өткізетіні хабарланған. Жамашев «Қорғас ісі» бойынша негізгі куәгерлердің бірі болған.
Құпия фабула, ашық сұрақ
2025 жылғы 1 қыркүйекте ҚазТАГ Мақсат Дүйсеновтің іздеуге жарияланғанын хабарлады. 23 қыркүйекте оның Германияда ұсталғаны белгілі болды. Ал 2026 жылғы 11 ақпанда Германия Дүйсеновті Қазақстанға беруден бас тартқаны туралы ақпарат шыққан кезде Бас прокуратура ресми бас тарту болмағанын айтқан еді. Енді қадағалау органы мұндай бас тартудың болғанын растады.
Сонымен қатар Қайрат Қожамжаровтың өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған. Дегенмен оның осы істер аясындағы нақты процессуалдық мәртебесі әзірге толық анықталмағаны айтылып жүр.
Дүйсеновке қатысты экстрадициядан бас тарту тергеудің тоқтағанын білдірмейді. Бас прокуратура қылмыстық қудалау жалғасатынын және шетелдік құзырлы органдармен өзара жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Іс бойынша түпкілікті құқықтық баға тергеу мен сот шешімдерінен кейін берілуі тиіс.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қарағанда, блогер Сәуле Базарханның Алматыдағы жеке пластикалық хирургия клиникаларының бірінде көз жұмған болуы мүмкін. Telegram-арналарда әйелге операция басталмай тұрып немесе операция кезінде жағдайы нашарлағаны айтылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







