Астанада өзін «уағызшы» ретінде танытып жүрген Дарын Мубаров діни мазмұндағы материалдарды заңсыз таратқаны үшін жауапқа тартылды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қала әкімдігі жанындағы Дін істері басқармасының мәліметінше, ол осындай әрекет үшін бір жыл ішінде екінші мәрте жазаға ілініп отыр.
Ведомство дерегіне қарағанда, Дарын Мубаров 2025 жылдың қазан айында да дәл осындай заңбұзушылық үшін жауапкершілікке тартылған. Соған қарамастан, ол заң талабын қайта елемеген.
Осыған байланысты Дін істері басқармасының қызметкерлері оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы 8-бөлігі бойынша хаттама толтырған. Аталған норма бір жыл ішінде қайталанған заңбұзушылыққа қатысты қолданылады.
Сот шешімімен Дарын Мубаров қайталама әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Қазіргі есеппен сома 865 мың теңгеге тең.
Құзырлы орган елдегі діни мазмұндағы материалдарды тарату заңмен нақты реттелетінін еске салып, белгіленген тәртіпті бұзуға жол берілмейтінін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







