Жылбек Сенбекұлы Facebook парақшасында жариялаған видео әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көргенсіздік деп бағалануда, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кадрда жас қыздардың Алаш арыстарының ескерткіші маңында отырып, мүсіннің мойын тұсына аяғын салбыратып отырып алғанын көруге болады. Бұл көрініс желі қолданушыларының наразылығын туғызды.
Көпшілік мұндай әрекетті ұлт қайраткерлерінің рухына жасалған құрметсіздік ретінде қабылдады. Өйткені Алаш арыстары қазақтың азаттығы, елдік санасы, білім мен мемлекетшілдік жолындағы күресінің символы. Олар халықтың болашағы үшін басын бәйгеге тігіп, ұлт мүддесін өмірінен жоғары қойған тұлғалар.
Сондықтан олардың ескерткіші ойын-күлкіге, ермекке айналмауы керек. Ескерткіш маңындағы әрбір адамның жүріс-тұрысы белгілі бір мәдениетті, тарихи жадыға деген құрметті көрсетуі тиіс.
Бұл оқиға жасөспірімдер мен жастар арасында тарихи тұлғаларға, ескерткіштерге және қоғамдық орындарға құрметпен қарау мәдениетін күшейту қажет екенін тағы көрсетті. Тиісті мекемелер ескерткіш маңындағы тәртіпке назар аударып, түсіндіру жұмысын жүйелі жүргізгені жөн.
Алаш арыстарын құрметтеу өткенді еске алу ғана емес, елдік санаға адалдықтың белгісі. Мұндай орындарда жауапсыз әрекетке жол берілмеуі керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







