Ұшақ ішінде «бомба», «жарылыс», «террорист», «қару» немесе «басып алу» деген сөздерді әзіл ретінде де айтуға болмайды. Мұндай сөз авиациялық қауіпсіздікке төнген ықтимал қатер ретінде қабылданады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
«Көлік министрлігі» ұшақ бортында айтылған кез келген күмәнді ақпаратқа экипаж бен авиациялық қауіпсіздік қызметі міндетті түрде назар аударатынын ескертті. Қызметкерлер жолаушының ниетін өз бетінше бағалап, «жай әзіл шығар» деп өткізіп жібере алмайды. Олар бекітілген қауіпсіздік нұсқаулығы бойынша әрекет етуге тиіс.
Жуырда Алматы — Ақтау рейсіндегі жолаушылар осындай оқиғаның куәсі болды. Ер адам ұшақ ішінде «бомба» деген сөз айтып, кейін құқық қорғау қызметкерлері оны борттан түсірді. Қауіпсіздік шараларының салдарынан рейс шамамен екі сағатқа кешікті.
Күмәнді сөз айтылғаннан кейін әуе кемесін ауыстыру туралы шешім қабылдануы мүмкін. Жолаушылар мен олардың жүгі қайта тексеріліп, ұшақтың іші толық қаралады. Осындай рәсім әуе компаниясына қосымша шығын әкеліп, жүздеген адамның жоспарын бұзады.
Әуежай мен ұшақта қауіпсіздікке қатысты сөздің салмағы күнделікті әңгімедегіден әлдеқайда ауыр. Жолаушы қалжыңдағанын айтса да, қауіпсіздік қызметі ықтимал қатердің жоқтығына толық көз жеткізуі керек. Сондықтан орынсыз әзіл тек рейстің кешігуімен аяқталмауы ықтимал.
Қазақстан Қылмыстық кодексінің «273-бабында» дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін жауапкершілік көзделген.
Мұндай әрекет үшін айыппұл, түзеу жұмысы, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Ұшақтағы бір ауыз қалжың осылайша жолаушының өзіне де, бүкіл рейске де қымбатқа түсуі ықтимал.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






