Ақтауда ұшақ апатқа ұшыраған орынды суретке түсіргені үшін қамауға алынған ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев бостандыққа шықты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Ер адамның басынан не өтпейді!? 10 күн бойы, үйімнен 150 шақырым алыс жерде осы сөздерді қайталай бердім. Шынымды айтсам, бұл да бір тәжірибе болды. Өз ұстанымыма берік бола түстім», — деп жазды ол.
Айта кетейік, ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаевты Маңғыстау облысы Полиция департаментінің қызметкерлері 25 желтоқсанда ұстады.
Маңғыстау облысының ПД мәліметінше, Сәрсенбаев қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ұсталған.
«Ол оқиға орнында дрон ұшырып, құтқару және тергеу жұмыстарына кедергі келтірді және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбады. Қазір құқықбұзушы полиция басқармасына жеткізілді, оған қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады», — деді сол кезде полиция.
Еске салайық, 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.