Шымкентте Ұстаздар күніне орай «Таланттылар алаңы» атты дәстүрлі шығармашылық байқау өтіп, еліміздің дарынды балалары бір сахнада бас қосты. Әртүрлі өнер бағытында сынға түскен жас қатысушылар өз қабілетін көрсетіп, үздік атану үшін бақ сынады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Биылғы байқауға Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан 460-қа жуық мектеп оқушысы қатысты. Олар көркемсөз оқу, вокал және хореография аталымдары бойынша өнер көрсетіп, қазылар алқасының бағасын алды. Сахна төрінде өлең оқылып, әсем ән шырқалып, мазмұнды би композициялары ұсынылды.
Ұстаз еңбегінің жемісі
Ұстаздар күні қарсаңында ұйымдастырылған өнер додасында балаларды шығармашылыққа баулып жүрген педагогтердің еңбегіне айрықша мән берілді. Себебі оқушының сахнада еркін өнер көрсетуі, қабілетін шыңдап, үлкен байқауларға қатысуы ұстаздың күнделікті ізденісі мен табанды еңбегінің нәтижесі саналады.
Хореография аталымына қатысқан Әйгерім Кәрімбаева мұндай байқаулардың жас өнерпаздарға тәжірибе жинауға мүмкіндік беретінін айтты.
– Хамит Мұталиев ұйымдастыратын байқауларға тұрақты қатысамыз. Іс-шаралар әрдайым жоғары деңгейде өтеді. Осындай сайыстардан Қазақстанда талантты балалардың өте көп екенін көруге болады. Әр қатысқан сайын ерекше әсер алып қайтамыз, – деді ол.
Дарынды жастар мен тәлімгерлерді қолдау
«Alem Art» шығармашылық орталығының жетекшісі Хамит Мұталиевтің сөзінше, байқауда жеңімпаз балалармен қатар, оларды дайындаған тәлімгерлер де марапатталады. Үздік өнер көрсеткен қатысушыларға ақшалай сыйлықтар табысталып, ұстаздардың шәкірт тәрбиелеу жолындағы еңбегі арнайы атап өтіледі.
Байқаудың Ұстаздар күніне арналуының өзіндік мәні бар. Өйткені мұғалім балаға білім берумен шектелмей, оның бойындағы талантты байқап, дұрыс бағыт ұсынады. Шәкірттің әр жетістігінің артында ұстаздың қолдауы, сенімі мен тынымсыз еңбегі тұрады.
«Таланттылар алаңы» алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Байқау жас өнерпаздардың көпшілік алдына шығып, шығармашылық мүмкіндігін танытуына және жаңа биіктерге ұмтылуына жол ашады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







