Павлодар облысында биылғы тоғыз айда ауыр және аса ауыр қылмыс саны азайып, бірқатар құқық бұзушылықтың ашылу көрсеткіші жақсарды. Өңірлік полиция департаменті жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысын шығарып, алдағы міндеттерді белгіледі, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жыл басынан бері қоғамдық орындарда, көшелерде, топпен және кәмелетке толмағандар жасаған құқық бұзушылық азайған. Бұған полиция мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жүргізген профилактикалық шаралар ықпал етті. Өңірде бейнебақылау жүйесі кеңінен қолданылып, тұрғындармен атаулы түсіндіру жұмысы жүргізілуде.
Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Алмаз Түкенов қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, полиция заң бұзушылыққа жедел әрекет етумен қатар, оның алдын алуға да басымдық береді.
«Заң мен Тәртіп» қағидаты қылмысты жазалаумен ғана шектелмейді. Оның негізінде құқық бұзушылықты ерте анықтау, азаматтардың құқығын қорғау және қоғамда заңға құрмет қалыптастыру жатыр. Полиция қызметкерінің тұрғындармен сыпайы әрі әділ қарым-қатынас жасауы да осы ұстанымның маңызды бөлігі саналады.
Өңірде пәтер және қалта ұрлығы мен мал ұрлығын ашу көрсеткіші артқан. Бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыс толық ашылды.
Есірткінің заңсыз айналымына қатысты 179 құқық бұзушылық тіркеліп, 463 келіден астам есірткі тәркіленді. Оның 14 келіден астамы синтетикалық есірткі.
Жол-көлік оқиғасының жалпы саны азайғанымен, жаяу жүргіншілер, балалар және мас жүргізушілер қатысқан апат көбейген. Жыл басынан бері көлікті мас күйде басқарған 305 жүргізуші анықталды.
Алдағы кезеңде қылмыстың ашылуын арттыруға, жол қауіпсіздігіне, жасөспірімдерді қорғауға және полициядағы қызметтік тәртіп пен заңдылықты нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







