Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізіп, жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституция нормаларын сапалы әрі жедел енгізу үшін «Заң мен Тәртіп» қағидатын орнықтыру мәселесін қарады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Үкімет басшысы өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңға қол қойғанын еске салды. Соған сәйкес құқық бұзушылықтың алдын алуға жауапты субъектілердің тізбесі кеңейіп, ведомствоаралық комиссияның құрамы да жаңарған.
Ол жаңа Конституцияда құқықтық мемлекетті нығайтуға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және кез келген құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға бағытталған «Заң мен Тәртіп» ұстанымы негізгі қағидаттардың бірі ретінде бекітілгенін атап өтті. Премьер-министрдің айтуынша, заң бұзудың алдын алу енді бір ғана ведомствоның емес, барлық мемлекеттік органның, азаматтардың және жергілікті қоғам өкілдерінің ортақ міндетіне айналып отыр.
Отырыста Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын жүзеге асыру барысы қаралды. Ішкі істер министрі Ержан Саденов атқарылып жатқан жұмыс туралы баяндады. Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Премьер-министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Қаржы министрі Мәди Такиев, Жамбыл және Ақтөбе облыстарының әкімдері сөз сөйледі.
Тұжырымдама мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының күшін бір арнаға тоғыстыруға бағытталған. Негізгі назар ерте ескерту жүйесіне, ведомствоаралық үйлестіруге және қауіпсіздік инфрақұрылымын дамытуға аударылған. Соған сай бірқатар шешім қабылданып үлгерген. Биыл 2 наурыздан бастап «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» жаңа заң күшіне енді. Интернет-алаяқтыққа қарсы күрес үшін ұялы байланыс абоненттерін биометриялық сәйкестендіру енгізілді. Қазақстан БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенциясына да қол қойды.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық бағыты бойынша да нақты қадам жасалды. Агрессорларға психологиялық көмек көрсету ережелері бекітіліп, профилактикалық жоспар қабылданды. Өткен жылы мыңға жуық азаматқа психологиялық түзету шарасы тағайындалған. Бұдан бөлек, сталкинг пен некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұрын сотталған адамдардың мінез-құлқын бақылауды күшейту үшін электронды білезік қолдану тетігі де іске қосылған.
Ішкі істер министрлігінің дерегінше, жаңа форматтар мен заңнамалық өзгерістердің әсері қылмыс статистикасынан да байқалған. Өткен жылы елдегі қылмыс деңгейі 6 пайызға төмендесе, биылғы бірінші тоқсанда тағы 9 пайызға қысқарған. Дегенмен Ержан Саденов бірқатар өңірде мәселе қордаланып тұрғанын айтты. Оның сөзінше, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау және Абай облыстарында полиция бекеттерін салу мен жаңғырту, жол ережесін бұзуды тіркейтін автоматты жүйе орнату, байланыс инфрақұрылымын дамыту бағытында жұмысты күшейту қажет.
Қазақстан биометрия мен антифрод жүйені күшейтті
Олжас Бектенов жекелеген аймақта полицияны жабдықтау шаралары тиісті деңгейде орындалмай отырғанына назар аударды. Әкімдіктерге Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасы аясындағы іс-шараларға жан-жақты талдау жасап, биыл олардың орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды. Премьер-министр жергілікті атқарушы орган үшін басым бағыттың бірі полиция нысандарын салу болуы керектігін, қажет жағдайда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін де пайдалану қажет екенін айтты. Оның сөзінше, елді мекен аумағындағы қауіпсіздікке ең алдымен әкімдіктер жауапты.
Құқықтық оқу-ағарту мәселесі де бөлек қаралды. Аида Балаева қазір заңнаманы түсіндіру, құқық бұзудың алдын алу, алаяқтық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық жұмыс жүріп жатқанын баяндады. Үкімет басшысы осы салада оң қозғалыс барын атап өтіп, Мәдениет және ақпарат министрлігіне басқа мемлекеттік органмен бірлесіп жұмысты одан әрі күшейтуді тапсырды. Әсіресе мақсатты топпен атаулы жұмыс істеу және халықпен байланыста заманауи құралды тиімді пайдалану міндеті қойылды.
Цифрлық қауіпсіздік мәселесіне тоқталған Жаслан Мәдиев дербес деректі қорғау бағытында қабылданған шараларды атады. Оның айтуынша, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы айыппұл көлемі 100-ден 1000 АЕК-ке дейін, ал дербес деректі қорғау саласында 1000-нан 2000 АЕК-ке дейін ұлғайтылған. Қолжетімділігі шектеулі дерекпен жұмыс істейтін байланыс операторына биометриялық аутентификация енгізілген. Фрод-трафикті өткізбеу, байланыс операторында антифрод-орталықтың міндетті болуы және оны Ұлттық банктің антифрод орталығымен біріктіру жөніндегі талап күшейтілген. SIM-картаны әкелу мен тіркеу тәртібі де қайта қаралған.
Премьер-министр киберқылмыскер заманауи цифрлық тетікті мемлекеттен де жылдам игеріп кететінін айтып, интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді шара қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне өзге мемлекеттік органмен бірге алаяқтық транзакцияларды бұғаттау, мемлекеттік орган мен банктер арасындағы дерек алмасуды күшейту, жалған call-орталықтарды анықтау бойынша қосымша ұсыныс енгізу тапсырылды.
Сонымен қатар «Цифрлық полицей» жобасын жеделдету, киберволонтерлік практиканы кеңейту және жаңа кадр даярлау жүктелді. Үкімет Еуропа Кеңесінің Компьютерлік қылмыстар туралы конвенциясын ратификациялау жөніндегі заң жобасын келісу жұмысын да қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.
Отырыста бұрын сотталған адамдарды қайта әлеуметтендіру мәселесі де қозғалды. Алдағы рақымшылыққа байланысты осы бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігі айтылды. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында профилактикалық және ведомствоаралық ықпалдастықты күшейту жөнінде де міндет қойылды. Денсаулық сақтау министрлігіне зорлық-зомбылыққа бейім адамдарды психологиялық түзеу ауқымын кеңейту, дағдарыс орталығы қызметінің қолжетімділігін арттыру тапсырылды. Әкімдіктерге осы мәселені өңірлік комиссия отырысында тұрақты қарап, барлық уәкілетті органның өзара іс-қимылын күшейту жүктелді.
Жиын қорытындысында Олжас Бектенов Ішкі істер министрлігіне Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасында көзделген іс-шаралардың сапалы орындалуын үйлестіруді күшейтуді тапсырды. Үкіметтің ұстанымы анық: құқық бұзушылықтың салдарымен ғана емес, оның алдын алу жүйесімен күресу керек. «Заң мен Тәртіп» қағидаты қағаз жүзіндегі формула күйінде қалмай, күнделікті басқару практикасына айналуға тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







