Қазақстанда сенаторлар мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын арттыруға, әлеуметтік жеңілдікті кеңейтуге және кадр іріктеуді цифрлық жүйеге көшіруге бағытталған заңды мақұлдады, деп жазады Ertenmedia.kz.
2026 жылғы 30 сәуірде белгілі болған өзгеріске сәйкес, мемлекеттік қызметке қабылдау толық цифрлық форматқа өтеді. Енді іріктеу «Е-қызмет» жүйесі арқылы жүргізіледі. Мұндай тәсіл қағазбастылықты азайтып, конкурс рәсімін ашық әрі жылдам етуге бағытталған. Жаңа тәртіп квазимемлекеттік секторға да кеңейтіледі.
Заңдағы маңызды норманың бірі – мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын кемінде үш жылда бір рет индексациялау. Яғни олардың табысы тұрақты түрде қайта қаралып отырады.
Сарапшылар бұған дейін мемлекеттік аппараттағы кадр тапшылығына төмен жалақы, кәсіби өсімнің шектеулі болуы және сыннан қорқу сияқты факторлар әсер етіп отырғанын айтқан еді.
Әлеуметтік пакет те кеңейеді. Мемлекеттік қызметкерлер үшін жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары, қосымша демалыс күндері және зейнетке шыққан кезде берілетін төлем қарастырылады. Егер қызмет өтілі 25 жылдан асса, зейнетке шығарда төрт айлыққа дейін төлем берілуі мүмкін.
Заңда тәлімгерлік институтын күшейту де көзделген. Тәжірибелі мамандар жас қызметкерлерге білімі мен кәсіби дағдысын үйретуге көбірек тартылмақ. Сонымен қатар зейнет жасына жеткен білікті кадрлар қажет болған жағдайда тағы екі жылға дейін жұмысын жалғастыра алады.
Тәртіптік жаза жүйесі де өзгереді. Енді қызметкердің кінә дәрежесі, жағдайдың сипаты және нақты мән-жайы ескеріледі. Яғни барлық жағдайда бірдей қатаң шара қолдану міндетті болмайды. Билік тәртіптік жауапкершілікте икемді әрі әділ тәсіл енгізуді көздеп отыр.
Мемлекеттік қызметкерлердің құқықтық қорғанысы да күшейеді. Жаңа нормалар оларды қысымнан, негізсіз айыптаудан және жұмысына заңсыз араласудан қорғауға бағытталған. Мемлекеттік аппаратта шешім қабылдайтын маман сыртқы ықпалдан қорғалғанда ғана жүйенің жауапкершілігі мен кәсіби дербестігі артады.
Сонымен бірге жаңа талаптар да енгізіледі. Олардың қатарында медициналық куәландыру бар. Аталған норма тыйым салынған заттарды қолданудың алдын алу шараларын да қамтиды. Қызмет бабымен басқа өңірге көшкен қызметкерлерге төлем жасау тәртібі және келісімшарт бойынша жұмыс істейтін мамандардың еңбек жағдайы да бөлек жазылған.
Бұған дейін, 1 сәуірден бастап Қазақстанда мемлекеттік қызметке қабылдау онлайн режимге ауыстырылған еді. Соның нәтижесінде қабылдау мерзімі шамамен төрт есе қысқарды. Ендігі заңнамалық өзгеріс осы цифрлық бағытты бекітіп, мемлекеттік аппаратқа кадр тарту жүйесін жаңа деңгейге шығаруға тиіс.
Жалпы, мақұлданған заң мемлекеттік қызметті тартымды етуге бағытталған. Жалақыны тұрақты қайта қарау, әлеуметтік кепілдікті кеңейту, цифрлық іріктеу және қызметкер құқығын қорғау – кадр тапшылығын азайтуға әсер ететін негізгі тетіктер. Мемлекеттік аппаратқа білікті маман тарту үшін енді тек талап қою жеткіліксіз. Оған лайықты еңбек жағдайы, әділ іріктеу және кәсіби өсу мүмкіндігі қажет.
Қазақстанда музыкалық аспаптарды ұшақта қолжүк ретінде алып жүру тәртібі нормативтік деңгейде бекітілмек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







