Қостанай облысында көлігіне жалған мемлекеттік нөмір таққан жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оқиға Лисаков қаласында болған. Сот Nissan Primera көлігін басқарған ер адамның ісін қарады. Сот мәліметінше, 2026 жылғы 15 мамырда жүргізуші көлікті көрінеу жалған мемлекеттік тіркеу нөмірімен басқарған.
Сот отырысында ер адам кінәсін мойындаған. Оның айтуынша, көлігі Ресей есебінде тұрған. Ол танысының үйінде жүрген кезде жалған нөмірді алып, өз көлігіне орнатқанын түсіндірген.
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, ер адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап көлікті көрінеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік нөмірмен басқарғаны үшін жауапкершілік қарастырады.
Сот жүргізушіні екі тәулікке әкімшілік қамаққа алып, бір жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырды. Жаза тағайындау кезінде ер адамның кінәсін ішінара мойындағаны және мұндай құқық бұзушылықты алғаш рет жасағаны ескерілді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Заң бойынша мұндай әрекет үшін 5 тәулікке дейін әкімшілік қамақ және 1 жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасы көзделген.
Бұл жағдай жүргізушілерге нақты ескерту болып отыр. Бөтен немесе жалған нөмірді «уақытша ғана тағып алайын» деген ойдың өзі үлкен жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Мұндай әрекет айыппұлмен ғана шектелмей, қамаққа алу және бір жыл көлік жүргізу құқығынан айырылуға дейін апарады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







