Ішкі істер министрлігі терроризм актілері туралы жалған хабар таратқандар қылмыстық жауапқа тартылатынын ескертті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ведомство ата-аналарға арнайы үндеу жасап, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратуға жол берілмейтінін ескертті. Мұндай әрекет үшін Қылмыстық кодекстің 273-бабында жауапкершілік көзделген.
ІІМ мәліметінше, соңғы уақытта байланыс құралдары, интернет, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы жарылыс, өрт қою немесе қоғамдық қауіпсіздікке төнген өзге де қауіп туралы жалған ақпарат тарату деректері тіркеліп отыр.
Министрлік мұндай әрекет әзіл, қалжың немесе жағдайды ушықтыру талпынысы ретінде жасалса да, бәрібір қылмыстық құқық бұзушылық болып саналатынын атап өтті. Өйткені жалған хабар қоғамдық қауіпсіздікке нақты қатер төндіреді, жаппай эвакуацияға себеп болады, мемлекеттік органдардың, білім беру және медицина мекемелерінің, өзге де әлеуметтік нысандардың жұмысын бұзады. Сонымен бірге жедел қызметтердің елеулі күші мен ресурсын босқа әурелейді.
Ведомство осы қылмыс үшін заңнамада бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылғанын еске салды. Сондай-ақ осындай хабарламалардың бәрі міндетті түрде тексерілетінін, ал оны таратқан адамдар заманауи цифрлық және техникалық құралдардың көмегімен анықталатынын хабарлады.
ІІМ азаматтарға тексерілмеген ақпаратты таратпауға, жалған шақырту мен жалған хабарлама жасамауға шақырды. Ата-аналарға балаларға да мұндай әрекеттің жауапкершілігін, соның ішінде әлеуметтік желі мен мессенджердегі жазбалар үшін де жаза барын түсіндіру ұсынылды. Егер қорқыту сипатындағы хабарлама келсе, оны дереу полицияға хабарлау қажет.
Министрлік азаматтарды заң талаптарын сақтауға және цифрлық кеңістікте жауапкершілікпен әрекет етуге үндеді.
Қазақстанда күнделікті өмірдегі ұсақ-түйек көрінетін әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік пен айыппұлдар қарастырылған. Түнде шулау, қоқыс лақтыру немесе үй жануарларын дұрыс ұстамау сияқты қарапайым ережелерді елемеу қалтаңызға ауыр тиюі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

