Жамбыл облысының Меркі ауданына қарасты төрт ауыл жоғары жылдамдықты талшықты-оптикалық интернетке қосылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кеше ғана қарапайым мобильді байланыс ұстамайтын Ақкөз-Қайнар, Алтынарық, Кентай және Беларық ауылдарының тұрғындары енді толыққанды цифрлық сервистерге қол жеткізді. «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин өңір жұртшылығымен тікелей телекөпір арқылы хабарласып, байланыс сапасын тексерді.
Әлеуметтік нысандар цифрлық жүйеге көшуде
Ауылдарға интернеттің келуі әсіресе әлеуметтік нысандардың жұмысын жеңілдетіп жатыр. Мәселен, Кентай ауылындағы фельдшерлер электронды медициналық базаға жылдам кіре бастаса, жергілікті ұстаздар BilimClass платформасын пайдаланып, сабақ барысында жасанды интеллект құралдарын еркін қолданып жатыр.
Жұмыс «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүзеге асуда. Жоспар ауқымды:
• Тек Жамбыл облысында 1 457 шақырым оптикалық байланыс желісі тартылады;
• Нәтижесінде 171 ауылдағы 92 мыңға жуық тұрғын және 339 мемлекеттік мекеме жылдам интернетке ие болады;
• Ал жыл соңына дейін өңірдегі тағы 42 ауылға желі тартылуы тиіс.
Бағдат Мусиннің мәлімдемесі
Бағдат Мусиннің айтуынша, басты міндет қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты жою:
«Ауыл қаншалықты шалғай болса да, ауыл баласының білім алу мүмкіндігі қаладағы қатарласынан кем болмауы керек. Ал ауыл дәрігері үшін интернет науқастың дерегін уақытылы алудың жолы. Біздің мақсат қарадүрсін кабель тарту емес, адамдардың оны шынымен пайдалана алуын қамтамасыз ету», — деді ол.
Айта кетерлігі, 2027 жылдың соңына дейін ел бойынша 3 мыңнан астам ауылды оптикамен қамтып, 1 миллионнан астам азаматты өркениетті желіге қосу жоспарланған. Басталған қарқын жақсы, ендігі мәселе осы сапаның тұрақты сақталуында.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







