Алматы облысының Жамбыл ауданында Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған халықаралық бәйге өтті. «Көкбастау» ипподромындағы дүбірлі дода ұлттық спорт пен елдік рухты бір арнаға тоғыстырды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жарысқа Қазақстанның әр өңірі мен Қырғыз Республикасынан 150-ден астам шабандоз қатысты. Қазақ күресі, асық ату, ләңгі тебу, армрестлинг және гір көтеруден облыстық турнирлер ұйымдастырылды. Жалпы сайыстарда 300-ден астам спортшы күш пен шеберлігін сынады.
«Көкбастау» ипподромын заманауи спорттық-мәдени кешенге айналдыру жоспарланып отыр. Жобаға жаңа трибуналар, ат қоралар, жаттығу алаңдары және спортшыларға арналған нысандар енгізілген. Қонақүй мен туристік инфрақұрылымды дамыту да қарастырылды.
Өңір атынан 20-ға жуық шабандоз республикалық және халықаралық бәйгелерге қатысып жүр. Соңғы екі жылда 12-14 жастағы екі спорт шебері мен төрт спорт шеберлігіне кандидат даярланды. Нұрасыл Бекбатыр, Асылжан Төлеген және Ерсұлтан Жарқын Көшпенділер ойындарында аламанның үш жүлдесін түгел иеленген.
11 шақырымдық құнан бәйгеде Айсұлтан Саматұлы «Баққарамен» жеңіске жетті. Балқаш ауданының өкіліне Changan X5 автокөлігі табысталды. «Еркежиренді» тізгіндеген Ерсұлтан Жарқын екінші келіп, 1 млн теңге алды.
16 шақырымдық топ бәйгеде Мерей Гарипуллиннің «Ордасы» алдына ат салмады. Жеңімпаз Hyundai Palisade көлігін иеленді. Әділжан Асхатұлы екінші, Ахмет Арнұр үшінші орынды еншіледі.
25 шақырымдық аламан бәйгеде Павлодардан келген «Көксерек» бірінші болып көмбеге жетті. Тұлпарды тақымдаған Ілесбек Дамирге ROX автокөлігі берілді. Базырбек Алмасхан екінші, Мансур Әлижан үшінші орын алды.
Көкбастаудағы дода жүлде үлестірумен шектелген жоқ. Жарыс ат баптау мектебінің, жас шабандоздар сабақтастығының және ұлттық спортқа деген құрметтің өсіп келе жатқанын көрсетті. Ипподром жаңғыртылса, өңір халықаралық ат спортының ірі орталығына айналмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







