Қазақстанда жаңа Конституцияның күшіне енуімен саяси-құқықтық жүйені терең жаңғыртудың жаңа кезеңі басталды. Парламентаризм институтының атқарушы директоры, заң ғылымдарының кандидаты Алмас Канатовтың айтуынша, алдағы жұмыс жекелеген нормаларды өзгертумен шектелмей, бүкіл заңнамалық архитектураны жаңа конституциялық қағидаттарға сәйкестендіруді талап етеді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Алмас Канатовтың айтуынша, жаңа Конституцияның қабылдануы және бұрынғы Негізгі заңның қолданысын тоқтатуы Қазақстанның саяси-құқықтық жүйесін трансформациялауға негіз қалады. Сондықтан қазіргі үдерісті кезекті конституциялық түзету ретінде емес, мемлекеттік институттар мен ұлттық заңнаманы қайта құрудың жаңа кезеңі ретінде қарастырған жөн.
Сарапшының мәліметінше, Қазақстанда бір мезетте 15 дербес конституциялық заңнан тұратын жаңа құқықтық массив қалыптасады. Келесі кезеңде 24 кодексті жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіріп, қолданыстағы 300-ге жуық заңды өзара үйлестіру қажет.
– Жаңа Конституцияның қабылдануы және бұрынғы Негізгі заңның қолданысының тоқтатылуы саяси-құқықтық жүйенің трансформациясына әкеледі. Қазақстанда бірден 15 дербес конституциялық заң қалыптасады. Одан кейін 24 кодексті өзектендіріп, шамамен 300 қолданыстағы заңды үйлестіру қажет. Алда үлкен жұмыс тұр, – деді Алмас Канатов.
Оның ойынша, мұндай көлемдегі өзгеріс заң мәтіндерін техникалық тұрғыдан түзетумен ғана шектелмейді. Мемлекеттік институттардың құзыреті, олардың өзара іс-қимылы, заң шығару процесі және азаматпен қарым-қатынас қағидаттары да қайта қаралады.
Алмас Канатов жаңа конституциялық модельдегі маңызды жаңалықтардың қатарына Вице-президент институтының енгізілуін және Құрылтайдың жаңарған рөлін жатқызды. Оның айтуынша, аталған өзгерістер мемлекеттік басқарудағы жауапкершілікті нақтылап, билік институттарының жаңа конфигурациясын қалыптастырады.
Сарапшы Конституцияның құндылықтық мазмұнына да ерекше назар аударды. Мемлекеттіліктің тарихи сабақтастығы, егемендікті қорғау және тарихи-мәдени мұраны сақтау қағидаттарының Негізгі заңда бекітілуі құқықтық саясаттың мазмұнына ықпал етеді.
Алмас Канатовтың айтуынша, осы кезеңде Конституциялық Соттың рөлі де айрықша маңызға ие болады. Сот ұлттық құқықтық жүйедегі көмескі, қайшылықты немесе Конституция қағидаттарына сәйкес келмейтін нормаларды анықтап, заңнамаға конституциялық түсіндірме беруді жалғастырады.
– Конституциялық Сот ұлттық құқықтық жүйені анық емес нормалардан арылтып, заңнаманы конституциялық тұрғыдан түсіндіру жұмысын жалғастырады. Жаңа преамбуланы ескере отырып, Сот Конституция құндылықтарын жүзеге асыруға жаңаша қарап, Негізгі заңның рухын нақты құқықтық шешімдерге айналдыруы тиіс, – деді ол.
Сарапшының пікірінше, жаңа преамбула Конституциялық Соттың жұмысына қосымша мазмұн береді. Конституцияны тек сөзбе-сөз түсіндіру жеткіліксіз болады. Оның тарихи сабақтастығы, құндылықтық бағыты және адам құқықтарына қатысты ұстанымы құқық қолдану тәжірибесінде ескерілуге тиіс.
Алмас Канатов жаңа Конституция мемлекеттік аппараттың жұмыс логикасын да өзгертуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік орган үшін негізгі өлшем рәсімді формалды орындау емес, адамның заңды мүддесін қорғау болуы қажет.
Осы тұрғыдан адамға бағдарланған басқару қағидаты заң әзірлеу, әкімшілік шешім қабылдау, мемлекеттік қызмет көрсету және сот төрелігін жүзеге асыру ісінде нақты көрініс табуға тиіс.
Сарапшының ойынша, құқықтық трансформацияның нәтижесін қабылданған заңдардың санымен өлшеу жеткіліксіз. Нақты нәтиже азаматтың құқығы қорғалып, заң түсінікті әрі болжамды жұмыс істеп, мемлекеттік орган өзінің шешімі мен өкілеттігі үшін жауап берген кезде сезіледі.
– Жаңа, әділетті Қазақстанды құруға қатысу – күнделікті өмірдің өзі. Әр адам нақты ісінде барынша күш салуы керек, – деді Алмас Канатов.
Оның айтуынша, жаңа Конституция мемлекеттің құқықтық бағытын айқындап берді. Ендігі негізгі міндет – конституциялық қағидаттарды нақты заңдарға, тиімді мемлекеттік институттарға және әділ құқық қолдану тәжірибесіне айналдыру.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







