Jibek Joly телеарнасында Құрылтай сайлауына қатысатын жеті саяси партияның командалық теледебаттағы сөз сөйлеу ретін анықтау үшін ашық жеребе тартылды. Пікірсайыс 12 тамыз күні сағат 20:00-де тікелей эфирде өтеді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жеребе нәтижесінде алғашқы сөз «Ақ жол» партиясына берілді. Одан кейін Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Әділет», Қазақстан Халық партиясы, «Ауыл», «Байтақ» жасылдар партиясы және Respublica өкілдері кезекпен шығады.
Теледебат «Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның негізі» тақырыбына арналады. Форматтың басты ерекшелігі – әр партиядан екі спикердің қатысуы. Осылайша саяси ұйымдар өз бағдарламасын бір ғана өкіл арқылы емес, командалық форматта қорғауға мүмкіндік алады.
Тікелей эфир барысында партиялар заң үстемдігі, қоғамдық тәртіп және әділетті қоғам қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарын таныстырады. Спикерлер WhatsApp арқылы жолданған сайлаушылар мен журналистердің сұрақтарына да жауап береді.
Көрермендер дебат кезінде партиялардың жария түрде берген уәделерімен танысады. Сонымен қатар экрандағы QR-код арқылы арнайы веб-сауалнамаға өтіп, қатысушыларға өз сауалдарын жолдай алады.
Командалық формат партиялардың бағдарламалық позициясымен қатар, олардың пікірталаста өзара үйлесімді әрекет ету, нақты сұраққа жауап беру және қоғамдық күн тәртібін кәсіби деңгейде қорғау қабілетін де сынға салмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






