Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен жиында Семейдің жаңа әкімшілік-іскерлік орталығын инженерлік желілермен қамту және «Абайға құрмет» акциясы аясындағы жобалар қаралды. Қаладағы жаңа нысандармен бірге жол, су, жылу, электр және кәріз жүйесі қатар салынуға тиіс, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиында Семей әкімі Әділет Қожанбаев пен бірқатар салалық басқарма басшысы баяндама жасады. Олар құрылыс алаңдарындағы жұмыс, көлік және коммуналдық инфрақұрылым, жер қатынастары мен сәулеттік жоспарлау жөнінде есеп берді. Аймақ басшысы әр жобаның мерзімі мен сапасына жауапкершілікті күшейтуді тапсырды.
Жаңа орталыққа 25 шақырым көше салынады
Әкімшілік-іскерлік орталықта магистральдық және кварталішілік су құбыры мен кәріз желілерін тарту жоспарланған. Мұнда жаңа су жинау нысаны, қуаты 40 Гкал/сағ қазандық және магистральдық жылу желісі салынады. Электрмен жабдықтау үшін жаңа қосалқы станция мен электр жеткізу желілері жүргізіледі.
Жоспар бойынша жалпы ұзындығы 25 шақырым болатын алты көше бой көтереді. Жолдар жаңа ауданды қаланың негізгі көлік желісімен байланыстыруға тиіс. Инженерлік жүйе кешіксе, дайын ғимараттардың толық іске қосылуы да кейінге шегеріледі.
Берік Уәли құрылыс нысандары мен инфрақұрылымның бір мезгілде жүргізілуі қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа орталықты қалыптастыруда жол, су, жылу, электр қуаты және кәріз желісі басты мәселе саналады. Барлық жауапты мекеме жұмыс кестесін өзара үйлестіруге тиіс.
Өңірлер Семейге жаңа нысандар тарту етіп жатыр
«Абайға құрмет» акциясы аясында Семейдің бірнеше аумағында әлеуметтік және мәдени нысандар салынуда. Тамызда Бейбітшілік аралында Солтүстік Қазақстан облысы салған Рәміздер алаңы ашылды. Ұшақтар кентінде Батыс Қазақстан және Абай облыстарының бірлескен дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.

Жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта Маңғыстау облысының Достық үйі, Шымкенттің Шығармашылық орталығы және Алматының Медиа орталығы бой көтеруде. Павлодар облысы Үстел теннисі орталығын, Түркістан облысы Көрме орталығын салып жатыр. Семейдің сол жағалауында Ақтөбе облысының Жекпе-жек сарайы салынады.
Қызылорда облысы «Анаға тағзым» ғимаратын, Атырау облысы «Абай әлемі» орталығын, Қостанай облысы Руханият орталығын жоспарлаған. Астана қаласы 1500 орындық мектеп салуға ниетті. Жобалар қаланың білім, мәдениет және спорт инфрақұрылымын толықтырады.
Акцияға ірі компаниялар мен қоғамдық қорлар да қосылды. KAZ Minerals жаңа шағын ауданда стадион салып жатса, «Самұрық-Қазына» Мирный кентінде спорт кешенін тұрғызуда. «Қазақстан халқына» қоры Инклюзивті спорт орталығын бастап, «ҚазМұнайГаз» Семейде Болашақ сарайын салуға дайындалып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







