Астана соты отбасындағы кикілжіңнен кейін уақытша ұстау изоляторына қамалған танымал блогер Ерболат Жанабыловқа қатысты әкімшілік істі тоқтатты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты хабарлады.
Желідегі дау және полиция тексеруі
Блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың төңірегіндегі дау әлеуметтік желідегі бейнежазбадан кейін өрбіді. Жұбайы Эльмира Төлегенова желідегі жазбасында киім бөлмесіне кіріп тығылғанын, жолдасының ұялы телефонын тартып алғысы келгенін айтып, қолдарының қызарған іздерін көрсеткен. Кейін бейнежазба өшірілгенімен, оқиғаға полиция қызметкерлері назар аударып, тексеру жүргізді.
Тәртіп сақшылары ерлі-зайыпты арасында тұрмыстық жанжал туындағанын растады. Келіншек ресми арыз жазудан бас тартқанына қарамастан, полиция Жанабыловтың үстінен тұрмыстық қатынастар аясында құқыққа қайшы әрекет жасау дерегімен әкімшілік хаттама толтырып, оны сотқа дейін уақытша ұстау бөлмесіне қамаған болатын. Сондай-ақ блогердің бұған дейін пробациялық бақылау талабын бұзып, белгіленген уақыттан кейін тұрғылықты мекенжайында болмағаны анықталды.
Сот отырысы мен ерлі-зайыптының ұстанымы
Іс жабық режімде қаралып, сот залынан тілшілердің шығуын блогердің өзі сұрады.
«Бұл – отбасылық мәселе. Сондықтан сот отырысына БАҚ өкілдерінің қатысуына қарсымын», – деді Ерболат Жанабылов.
Сот залында Эльмира Төлегенова жолдасының оған қол көтермегенін, арада тек ауызша түсініспеушілік болғанын мәлімдеді.
«Күйеуім мені ұрмады. Қазір маған демалыс керек. Біз ажырасу процесіндеміз. Бұл ешқандай да хайп емес», – деді ол.
Отырыс барысында Жанабылов кінәсін толық мойындап, жұбайымен татуласқанын жеткізді. Екі тараптың өзара келісімге келуіне және аталған құқықбұзушылықтың алғаш рет тіркелуіне байланысты сот әкімшілік өндірісті тоқтату туралы ұйғарым шығарды. Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







