С. Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының сахнасында Жанат Хаджиев атындағы IV Халықаралық театр фестивалі қорытындыланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Биылғы өнер бәйгесіне Қазақстан, Қырғызстан және Ресей театрлары қатысып, көрерменге заманауи режиссураға құрылған, мазмұны терең қойылымдарын ұсынды. Фестиваль бір жағынан шығармашылық бәсекеге айналса, екінші жағынан әр елдің театр тілі, сахналық ізденісі мен режиссерлік қолтаңбасын салыстыратын орта болды.
Қазылар алқасына Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы, профессор Тұңғышбай Жаманқұлов жетекшілік етті. Құрметті қазылар қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астана Жастар театрының көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбай да болды. Сонымен бірге театр сыншысы, өнертану кандидаты Екатерина Морозова, театртанушы Айсылу Сагитова, танымал театр суретшісі Қанат Мақсұтов және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының деканы, PhD докторы Мадияр Сарыбай қазылық етті.
Фестиваль ашылуында Тұңғышбай Жаманқұлов Жанат Хаджиев атындағы бұл алаңның жас әрі тәжірибелі режиссерлер еркін пікір алмасатын, жаңа форма іздейтін, көрерменге шабыт сыйлайтын кеңістікке айналғанын айтты. Оның сөзінше, осы мереке дәстүр мен жаңашылдық тоғысатын сахналық орта ретінде өз орнын бекітіп келеді.
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков те фестивальдің салмағына арнайы тоқталды. Ол бұл жобаның өңірдегі театр өнерін дамытуға ықпалы зор екенін, жаңа есімдерді танытып, елдер арасындағы мәдени байланысты күшейтіп отырғанын атап өтті. Сонымен бірге Жанат Хаджиевтің шығармашылық мұрасын жалғайтын жаңа буынның қалыптасуына осындай фестивальдердің әсері айқын екенін жеткізді.
Байқау сахналық ойдың бағытын айқындап берді
Бас жүлде, яғни «Үздік спектакль» аталымы Семей қаласындағы «Дариға-ай» жастар театры қойған «Өз отыңды өшірме» спектакліне бұйырды. Қойылымның режиссері Мейрам Хабибуллин. «Үздік ансамбль» жүлдесін Теміртау балалар мен жасөспірімдер театрының «RE:Обломов» спектаклі иеленді. Режиссері Антуан Дукравец. «Үздік әйел рөлі» аталымында Бішкектегі «Stage 705» театрының актрисалары Айзада Абдыкалыкова мен Жәмилә Келдібаева жеңімпаз атанды. Олар «Ай-Булут» спектакліндегі ойынымен ерекшеленді.
Соғыс тақырыбын бала көзімен бейнелегені үшін арнайы марапат Мәскеудегі «Мамин театрдың» «Менің ленинградтық балалығым» қойылымына берілді. Қойылым режиссері Василиса Галсанова. «Үздік көркемдік шешім» аталымын Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театрының «Тазының өлімі» спектаклі жеңіп алды. Мұнда да режиссерлік жұмысты Мейрам Хабибуллин атқарған. Ал «Қазіргі кезеңнің заманауи көзқарасы үшін» деген арнайы жүлде Махамбет атындағы академиялық драма театры қойған «Толқындар жағалауда өледі» спектакліне табысталды. Қойылым режиссері Жанат Телтаев.
Екінші пландағы үздік әйел рөлі үшін Павлодар облыстық Ж. Аймауытов атындағы театр актрисасы Дильназ Қиятова марапатталды. Ол «Пері қатын» спектакліндегі Балауса бейнесі арқылы көзге түсті. Екінші пландағы үздік ер рөлі жүлдесі Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актері Рамазан Камешовке берілді. Ол Иван Кузьмич Щепкин образын сәтті алып шыққан.
Фестиваль аясында тәуелсіз «Жас сыншылар сыйлығы» да табысталды. Оның лауреаты болып Ақтөбе театрының режиссері Мейрам Хабибуллин танылды. Осы нәтижеге қарағанда, биылғы байқау жас режиссура мен жаңа сахналық ойдың бағытын айқындап берген алаңның біріне айналды.
Фестивальді ұйымдастырған С. Қожамқұлов атындағы театр директоры Досхан Сәкеннің айтуынша, негізгі мақсат жас режиссерлер мен театр ұжымдарын қолдау, мәдени байланысты нығайту және Жанат Хаджиев мұрасын жалғай алатын жаңа есімдерді таныту болған. Биылғы қорытынды сол мақсаттың қағазда қалмағанын көрсетті. Сахнада жаңа леп байқалды, ал көрермен шынайы театр тартысын көрді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







