2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша 93-орында тұр. Есеп бойынша биылғы алғашқы жеті айда елде сыбайлас жемқорлыққа байланысты 1,2 мың қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді, бұл 2023 жылдың қаңтар-шілде айларымен салыстырғанда 8,1% көп, — деп хабарлайды ErtenMedia Finprom деректеріне сілтеп.
Барлық тіркелген қылмыстың шамамен үштен бірі пара беру деректерімен байланысты болды – 364 жағдай. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты ең кең тараған қылмыстардың қатарында пара алу (249 жағдай), сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету (210 жағдай), сыбайлас жемқорлыққа қатысты алаяқтық (143 жағдай) және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану (137 жағдай) бар. Биылғы жеті айда сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстарға күдікті деп тану туралы үкім 933 қазақстандыққа қатысты шығарылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,4% көп. Олардың 548-і сотқа жіберілді.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін ең жиі сотталатындар – әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері. Сонымен қатар, сотқа ішкі істер органдарының, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Денсаулық сақтау министрлігінің және Қаржы министрлігінің қызметкерлері де жіберілді. Transparency International ұйымының мәліметі бойынша, Қазақстан сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша 180 елдің ішінде 93-орында және индексі 100-ден 39. Индекс неғұрлым төмен болса, елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейі соғұрлым жоғары дегенді білдіреді. Бір жыл бұрын Қазақстанның көрсеткіші 36 болған еді.
Рейтингте Дания, Финляндия және Жаңа Зеландия ең жоғары индекстерге ие болды, ал Сомали ең нашар көрсеткішке ие ел ретінде танылды.
Дерекке сүйенсек, ТМД елдерінің арасында Қазақстанға қарағанда Армения мен Молдова сыбайлас жемқорлықпен жақсы күресуде, ал Беларусь, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Әзірбайжан, Тәжікстан және Түрікменстан елдерінде жағдай нашар.
Сарапшылардың мәліметінше, соңғы 12 ай ішінде Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді пайдаланушылардың 17%-ы пара берген. Армения мен Молдова рейтингте Қазақстаннан жоғары тұрғанымен, ол елдерде бұл көрсеткіш тиісінше 19% және 22%. Беларусьте мемлекеттік қызметтерді пайдаланушылардың 15%-ы пара берсе, Украинада – 23%, Өзбекстанда – 13%, Ресейде – 27%, ал Әзірбайжанда 15% болады.
«Осылайша, Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі әлі де өзекті болып қалып отыр, әсіресе, мемлекеттік сектордағы парақорлық пен қызмет бабын асыра пайдалану мәселелері кеңінен таралған», — деп жазылған деректе.