Жетісу облысында балаларға арналған оңалту көмегінің ауқымы кеңейіп келеді. Жыл басынан бері өңірдегі балаларға 60 601 оңалту қызметі көрсетілді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Талдықорғанда 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған үшінші «Қамқорлық» орталығы ашылды. Жаңа бөлімше облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жанынан жұмысын бастады. Мұнда жылына 600-ге дейін бала кешенді оңалтудан өте алады.
Жоба «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жүзеге асырылды. Қор орталыққа қажетті заманауи медициналық және оңалту жабдығын сатып алуға көмектесті. Балалар тәулік бойы жатып, ата-анасымен бірге ем қабылдай алады.
Орталыққа нейрохирургиялық, неврологиялық, кардиологиялық және травматологиялық көмек қажет балалар жіберіледі. Олардың қатарында миына немесе жүрегіне ота жасалған, ауыр жарақаттан кейінгі кезеңде жүрген және созылмалы сырқаты бар пациенттер бар. Жолдама медициналық ұйымдардың порталы арқылы беріледі.
Әр балаға жеке оңалту бағдарламасы дайындалады
Бөлім меңгерушісі Әлішер Қасымовтың айтуынша, емдеу кезінде мультидисциплинарлық тәсіл қолданылады. Әртүрлі бағыттағы мамандар баланың денсаулық жағдайын бірлесіп бағалап, жеке оңалту бағдарламасын жасайды. Бір бала орталықта үш ретке дейін ем қабылдай алады.

Орталықта реабилитолог, невропатолог, логопед, дефектолог, психолог және массажист жұмыс істейді. Дәрігерлер мен медбикелерді қосқанда мамандардың жалпы саны 20 адамға жетеді. Бір оңалту кезеңі кемінде 14 күнге созылады.
Мұнда қозғалысты қалпына келтіретін тренажерлар, физиотерапиялық және жоғары технологиялық жабдықтар орнатылған. Сенсорлық және интерактивті бөлмелер, тұз бен шунгит шахталары, иппотерапияға арналған жасанды аппарат та қарастырылған. Музыкалық құрылғылар балалардың психологиялық және танымдық қабілетін дамытуға көмектеседі.
Ем алып жатқандардың бірі – Үшаралдан келген 1 жас 10 айлық Торғын Амангелді. Баланың аяғын 19 пайыз көлемінде күйік шалған, сондықтан анасы оны орталыққа екінші рет алып келген. Анасының айтуынша, көрсетілген ем нәтижесінде қызының жағдайы біртіндеп жақсарып келеді.
Оңалту қызметі облыстың барлық баласына қолжетімді
Жетісуда бұған дейін тағы екі «Қамқорлық» орталығы жұмыс істеп келген. Талдықорғандағы перинаталдық орталық жаңа туған сәбиден 5 жасқа дейінгі балаларды қабылдаса, Сарқан ауданындағы орталық 3-18 жастағы балаларға қызмет көрсетеді. Аталған мекемелерде сегіз ай ішінде 246 бала оңалтудан өтті.
Мамандандырылған балалар үйі жанындағы «Ақ қанат» ерте араласу орталығында жыл басынан бері 2-4 жастағы 36 бала ем қабылдады. Жаңа орталықтың іске қосылуы отадан шыққан және созылмалы сырқаты бар балаларға көмекті тұрғылықты өңірінде алуға мүмкіндік береді. Мұндай қолдау олардың денсаулығын қалпына келтіріп, толыққанды өмірге оралуына жол ашады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







