Жетісу облысында биыл ашу жоспарланған үш экопарктің соңғысы пайдалануға берілді. Текелі қаласындағы «Серкесай» экопаркі табиғат аясындағы демалыс пен белсенді туризмді ұштастыратын жаңа орынға айналмақ, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа нысан Мемлекет басшысының тапсырмасы және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында құрылды. Бұған дейін Сарқан ауданында «Қойтас», Талдықорған қаласында «Тасбақа» экопарктері ашылған еді. Үш нысанның инфрақұрылымы облыс әкімінің қолдауымен жасақталды.
Ашылу рәсіміне қала тұрғындары мен қонақтары, кәсіпкерлер, қолөнершілер, спортшылар және туризм саласының өкілдері қатысты. Өңір басшысының атынан жұртшылықты облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев құттықтады. Ол экопаркті дамыту жұмысы алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.
«Серкесайда» демалушыларға арналған қосымша орындар салынып, жарықтандыру, бейнебақылау және интернет желісін тарту жоспарланған. Марлен Көлбаев жаңа кеңістіктің келешегі табиғатқа деген жауапкершілікке де байланысты екенін ескертті. Ол тұрғындарды қоқыс қалдырмай, көрікті аумақты келер ұрпаққа таза күйінде жеткізуге шақырды.
Экопаркті абаттандырудың алғашқы кезеңі толық аяқталған. Мұнда автотұрақ, демалуға арналған бес шатыр, 20 орындық пен бес үстел орнатылды. «Таутеке» бейнесіндегі екі шағын сәулет нысаны мен санитарлық торап та қарастырылған.

Саяхатшылар үшін ең тартымды орынның бірі теңіз деңгейінен 1700 метр биіктіктегі шолу алаңы болмақ. Осы нүктеден Текелі тауларының кең панорамасы ашылады. Аумақ спорттық, мәдени және туристік іс-шаралар өткізуге де бейімделген.
Ашылу бағдарламасында «Табиғаттан туған өнер» көрмесі ұйымдастырылды. Жергілікті шеберлер омарташылық өнімдерін, табиғи косметика, зергерлік бұйымдар мен ұлттық қолөнер үлгілерін ұсынды. Қонақтар Текелінің танымал прәндігінен дәм татты.
Этномәдени алаңда бүркітшілік, тазы өсіру дәстүрі және ұлттық бұйым жасау өнері таныстырылды. Жас өнерпаздар домбыра, қобыз және жетігенмен музыкалық шығармалар орындады. Текелі кәсіптік колледжі туристік құрал-жабдықтар мен саяхат бағыттарын көпшілік назарына ұсынды.
Туристік орталық мамандары көпсайыс пен спорттық альпинизм көрсетілімдерін өткізді. Бағдарлама скандинавиялық жүріс жарысының жеңімпаздарын марапаттаумен қорытындыланды. Осылайша жаңа экопарк белсенді демалыс пен жергілікті мәдениетті бір кеңістікке тоғыстырды.

Алматыдан арнайы келген Балтабай Саусақов Текеліге парапланмен ұшу үшін жиі келетінін айтты. Оның сөзінше, абаттандырылған аумақ табиғатқа шығатын адамдарға қолайлы жағдай қалыптастырған. Тұрғындар да экопарктің туристерді қызықтырып, қала экономикасына серпін беретініне сенеді.
«Серкесай» Жетісудағы экологиялық туризмнің жаңа бағытын айқындайтын алаңға айналмақ. Жайлы инфрақұрылым тауға шығуды қауіпсіз әрі қолжетімді ете түседі. Ендігі міндет табиғи ортаны бүлдірмей, экопарктің мүмкіндігін тиімді пайдалану.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







