Ақтөбеде жол белгілеріне бөлінген 272 млн теңге бюджет қаражаты жымқырылған, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Ақтөбе қаласының прокуратурасы «Ақтөбе қаласының жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығы» КММ-і директоры бюджет қаражатын жымқырғанын анықтады.
«КММ директоры қызметін пайдаланып, мемлекеттік сатып алу шарттары негізінде 272 млн теңгеге жол белгілерін салу бойынша іс жүзінде орындалмаған жұмыстардың актілерін қабылдаған», — деп жазылған хабарламада.
Оның әрекеті Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2) тармағы бойынша сараланып (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу), оған күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қазір қылмыстық іс Ақтөбе қаласының №2 сотына мәні бойынша қарау үшін жолданды.