APEC PetroTechnic колледжі студенттері «World Skills Atyrau 2026» чемпионатында кәсіби шеберліктерін көрсетті, деп жазады Ertenmedia.kz.
WorldSkills қозғалысы Қазақстанда жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, техникалық-кәсіптік білім беру жүйесін халықаралық деңгейге сәйкестендіру мақсатында жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың бірі. Бұл чемпионат жас мамандарға кәсіби шеберліктерін шыңдап, тәжірибе алмасуға және еңбек нарығының заманауи талаптарына сай болуға мүмкіндік береді.
Өңірлік чемпионатқа APEC PetroTechnic жоғары колледжінің студенттері белсенді атсалысуда. Колледжден қатысып жатқан жастар 9 құзыреттілік бойынша бақ сынап, оқу орнының абыройын арттыруға бар күшін салуда. Мұндай сайыстар студенттердің болашақ маман ретінде қалыптасып, өндірістік тәжірибеге бейімделуіне айтарлықтай ықпал етеді.
«Мұнай және кен орындарын пайдалану» мамандығының студенті Марат Әлішер «Инженерлік CAD дизайны» бағыты бойынша жарысқа қатысып, инженерлік жобалаудағы заманауи білімін ортаға салуда. Сонымен қатар, Жантен Алихан «Өндірістік автоматика» құзыреттілігінде бақ сынаса, Аман Артур «Электр монтаждау жұмыстары» саласында өз шеберлігін көрсетуде. Бұл бағыттар заманауи өндірістің автоматтандыру мен электр жүйелерін басқаруда ерекше маңызды саналады.
Цифрлық технологиялар бағытында колледж студенттері жоғары дайындықпен келген. «Бағдарламамен қамтамасыз ету» мамандығының студенті Софья Легина «Бизнеске арналған ІТ шешімдер» құзыреттілігі бойынша заманауи цифрлық өнімдер жасауда тәжірибесін дәлелдеп жүр.
Ал «Мобильдік қосымшаларды әзірлеу» бағыты бойынша қатысып жатқан Анарбек Саяттың жұмысы да ерекше назарға ілікті. Кабежан Нұрбол «Веб технологиялар» құзыреттілігінде өзінің кәсіби қабілетін көрсетіп, веб-әзірлеу саласындағы шеберлігін дәлелдеуде.
Техникалық білімнің тірі сынағы
Өндірістік химия саласы бойынша да колледж студенттері белсенді қатысуда. «Химиялық технология және өндіріс» мамандығының студенті Дильназ Жұмашова «Зертханалық химиялық анализдер» құзыреттілігі бойынша зертханалық жұмыстарды орындау шеберлігімен танылуда.
Осы мамандықтың студенті Аделина Амандық «Компьютерлік ойындарды 3D модельдеу» саласында цифрлық графика мен заманауи модельдеу технологияларын еркін меңгергенін байқатты.
Сонымен қатар, «Мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау» мамандығының студенті Парасат Боранқұлұлы «Су технологиялары» бағыты бойынша қатысып, экологиялық және инженерлік технологияларды ұштастырып, кәсіби мүмкіндігін танытып отыр.
Колледж басшылығы осындай чемпионаттарға қатысуды білім сапасын көтерудің, студенттердің кәсіби әлеуетін дамытудың және халықаралық талаптарға сай маман даярлаудың басты көрсеткіші деп есептейді. Чемпионат студенттер үшін кәсіби бәсеке алаңы ғана емес, тың тәжірибе алмасу мен жаңа идеяларды дамытуға мүмкіндік беретін маңызды ортаға айналған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







