Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жол қозғалысы, цифрландыру және көлік саласындағы жаңа технологияларды реттеу мәселелерін қамтитын заңға қол қойды. Құжат аясында соңғы жылдары жүргізушілер арасында жиі талқыланған көлікті ұзақ қыздыруға қатысты даулы норма алынып тасталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Енді елді мекен ішінде көлікті ұзақ қыздыруға қатысты бұрынғы жалпы тыйым қолданылмайды. Бұған дейін жүргізушілер қыс мезгілінде қозғалтқышты қанша минут қыздыруға болатынын есептеп, айыппұлдан қауіптенетін. Әсіресе солтүстік өңірлерде бұл мәселе жиі көтерілді.
Қатты аязда бірнеше минут көлікті толық жылытуға, әйнекті мұздан тазартуға және қауіпсіз жүріске дайындалуға жеткіліксіз екені айтылып келген.
Даулы жағдай Петропавлда көлік жүргізушісінің 5 минуттан артық қыздырғаны үшін жауапқа тартылуынан кейін күшейді. Оқиға әлеуметтік желіде кең талқыланды. Кейін прокуратура ол қаулының күшін жойған еді. Осыдан соң депутаттар да норманы қайта қарау қажет екенін көтерді.
Жаңа заң жүргізушілер үшін осы мәселені жеңілдетіп отыр. Бірақ көлікті кез келген жерде ұзақ уақыт оталдырып қоюға толық еркіндік берілді деуге болмайды. Арнайы жол белгісімен белгіленген тұрғын аймақтарда жұмыс істеп тұрған қозғалтқышпен ұзақ тұруға тыйым сақталады.
Яғни көпқабатты үйлердің ауласы мен тұрғындар тыныштығына әсер ететін аймақтарда бұрынғыдай сақ болу керек.
Заңға енгізілген өзгерістер тек көлік қыздыру мәселесімен шектелмейді. Құжатта электромобильдерге арнайы мемлекеттік нөмір беру, автошколалар реестрін енгізу, жол инфрақұрылымын бақылауды цифрландыру және жаңа көлік технологияларын реттеу нормалары да қарастырылған.
Жүргізушілер үшін ең маңыздысы, қысқы таң енді секундомермен басталмайды. Дегенмен жауапкершілік сақталады. Көлікті қыздыру кезінде тұрғындарға кедергі келтірмеу, қауіпсіздік талаптарын сақтау және жол белгілеріне назар аудару бұрынғыдай маңызды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







